Шығыс Қазақстан облысында құны 14 миллион теңгеден асатын таңбаланбаған 6 мыңнан астам темекі өнімдері тәркіленді. Кінәлілер әкімшілік жауапкершілікке тартылды, жалпы сомасы 4 миллион теңгеден астам айыппұл салынды. Бұл туралы Қаржылық мониторинг агенттігінің ШҚО бойынша Экономикалық тергеп - тексеру департаменті басшысы Айдын Молдабеков мәлімдеді.
Электрондық темекінің таралуына қарсы күрес аясында Қаржылық мониторинг агенттігі республика бойынша қылмыстық істерді тергеу барысында тәркіленген 400 мыңға жуық вейпті жойды.
– Электрондық темекіні сатқаны үшін 200 АЕК (738 400 теңге) мөлшерінде айыппұл, 200 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстарға тарту немесе 50 тәулікке дейін қамауға алу қарастырылған. Әкелу және тарату үшін – 2 мың АЕК (7,3 млн теңге) мөлшерінде айыппұл, 600 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстарға тарту немесе 2 жылға дейінгі мерзімге шектеу немесе бас бостандығынан айырылады. Қылмыстар ұйымдасқан топпен немесе аса ірі көлемде жасалса – 5 мың айлық есептік көрсеткішке дейін (18,4 млн теңге) айыппұл, 1200 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстарға тартылады немесе 5 жылға дейін бас бостандығынан айырылады, - деді Айдын Молдабеков.
Естеріңізге сала кетейік, мемлекет басшысы 19 сәуір күні елімізде электронды темекіге тыйым салынуға қатысты заңға қол қойған болатын. 2024 жылы 20 маусымнан бастап Қазақстанда электрондық темекіні әкелуге, дайындауға және сатуға тыйым салу күшіне енді.