Зайсан ауданындағы көмір кенішінен биыл көмір өндірілген жоқ. Ауыл тұрғындарын қыстық отынмен қамту мәселесі өзекті болып тұр, деп хабарлайды Bizdinoskemen.kz сайтының тілшісі Аltainews.kz сайтына сілтеме беріп.
"Биыл Кендірлік кенішінен көмір өндірілген жоқ. Кендірлік көмір кеніші жұмыс істемей тұр. «КВАРЦ» ЗПТ фирмасыен күнделікті байланысып, жұмыс істеп жатырмыз. Бірақ, ол фирма жұмысын әлі бастамады. Әлеуметтік нысандар қатты отынмен қамтылған. Ал жылыту маусымына тұрғындарға шамамен 12 мың тонна көмір қажет, қазір қажетті көмірді Қаражыра кен орнынан «Иртыш Транс Сервис» мекемесімен бірлесе отырып тұрғындарға уақтылы жеткізу бойынша жедел жұмыстар атқарылуда", – дейді Зайсан ауданының әкімі Аэлита Ахметсәлімқызы.
2013 жылдан бері Зайсан ауданының елді мекендері Сарыбұлақ кенішінің газын пайдаланып жатыр. Бірақ газ құбырына қосылуы тиіс қалған сегіз елді мекен – Дайыр, Көкжыра, Қуаныш, Біржан, Сарытерек, Жарсу, Бақасу және Сарыжыра ауылдарын көгілдір отынға қосу жоспары орта жолда тоқтап қалды. Оған басты себеп болып отырған жайт – «таусылуға таяу» деген Сарыбұлақ кенішіндегі газ қоры мөлшерінің мемлекет тарапынан әлі нақтыланып анықталмай отырғаны. Қалған ауылдарды газдандыру мәселесі кеніште қосымша қор анықталса ғана қарастырылады.