Ақмәди Сарбасов ШҚО-ға іссапармен келді


ЖАҢАЛЫҚТАР 29-08-2024, 10:02 0

Облысқа іссапармен келген Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Ақмәди Сарбасов Риддердегі «Казцинкмаш» кәсіпорнының цехтарын аралап көріп, жұмысымен жақынырақ танысты. Сонымен қатар өндіріс орнында еңбек етіп жатқан жұмысшылармен кездесіп, оларды толғандырған сұрақтарға жауап берді.

– Риддердегі өндіріс орнына келуіміздің негізгі мақсаты - зауытта еңбек ететін адамдарға жұмыс беруші тарапынан жасалып жатқан жұмыс жағдайын көру. Көргенге көңіліміз толады деп айтуға болады. Мұнда еңбек ететін адамдарға барлық қажетті жағдай жасалған екен. Ең бастысы, еңбек қауіпсіздігі талаптарының орындалуына айрықша мән берілуде, – деді ол.

Кездесу барысында вице-министр 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстанда еңбек жағдайлары зиянды жұмыстарда ұзақ уақыт бойы жұмыс істейтін адамдар үшін арнаулы әлеуметтік төлем енгізілгенін еске салды.

– Еңбек жағдайлары зиянды жұмыстарда істейтін адамдардың әлеуметтік қорғалуын арттыруға бағытталған шараларды енгізу жұмысы Мемлекет басшысы қойған міндетті орындау мақсатында жүргізіледі. Осылайша, зиянды жұмыстарда істейтін азаматтар 55 жасқа толғанда және олар үшін кемінде 84 ай міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары төленген жағдайда арнаулы әлеуметтік төлем алуға құқылы, – деп атап өтті бірінші вице-министр.

Кездесу барысында кәсіпорын жұмысшылары тарапынан еңбек қауіпсіздігі талаптарын қайта қарау, сондай-ақ бірыңғай уақыт белдеуіне қатысты да сұрақтар қойылды.

Сондай-ақ Ақмәди Сарбасов Глубокое ауданының Зимовье ауылында орналасқан арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығының жұмысымен де танысты.

Мекеме директоры Қалел Теленчиновтың айтуынша, қазір орталықта 210 адам әлеуметтік көмек алуда. Оларға 183 маман қызмет көрсетеді. Арасында медициналық қызметкерлер мен психологтар да бар. Осы ретте жұмысшылардың дені маңайдағы бірнеше ауылдың тұрғындары екенін айту керек.

Орталық ұжымымен, сондай-ақ қызмет алушылармен кездесу барысында Ақмәди Сарбасов Әлеуметтік кодексте көзделген мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қолдаудың қосымша шараларын енгізу мәселесіне егжей-тегжейлі тоқталды.

– Менталды бұзылыстары барларға арналған санаторийлік-курорттық емдеуді ұсыну бойынша қанатқақты жоба іске асырылуда, бірінші топтағы мүгедектігі бар адамдардың жеке көмекшілері үшін зейнетақы, әлеуметтік және медициналық жарналар аударылады. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 2025 жылға дейін ересектер мен балаларға арналған 12 оңалту орталығының құрылысы жүргізілуде. Алғашқы оңалту орталықтары Семей мен Таразда ашылған. Биыл тағы үш қалада дәл осындай нысандардың құрылыс жұмыстары аяқталмақ. Сонымен бірге еліміздің алты өңірінде аутизм спектрі бұзылған және өзге де менталды бұзылыстары бар балаларға арналған күндізгі емдеу орталықтары жұмысын бастады, – деді вице-министр.

Мекемені аралап шыққан Ақмәди Сарбасов ұжыммен кездесіп, олардың сұрақтарына жауап берді. Жергілікті жұмысшыларды еңбекақы мәселесі толғандыратыны белгілі болды.

Вице-министрдің мәлімдеуінше, қазір елімізде бұл бағытта да тиісті жұмыстар жүргізілуде. Атап айтқанда, еңбекақы төлеу жүйесін жетілдіру бағытында тиісті шаралар қабылданып жатыр.


Inkar

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив