Шығыс Қазақстан облысы Самар ауданындағы балабақшада құрамында сынап бар қауіпті шамдар сақталып, санитарлық ережелер өрескел бұзылған.
Самар ауданының прокуратурасы «Дәншік» балабақшасында санитарлық ережелердің өрескел бұзылғандығын анықтады.
«Тексеру барысында құрамында сынап бар 22 люминесцентті шамның балаларға қолжетімді жерде сақталып, олардың өмірі мен денсаулығына тікелей қауіп төндіргені белгілі болды. Люминесцентті шамның құрамында үш-бес миллиграмм сынап болады және оның дұрыс сақталмауы ауыр зардаптарға әкеліп соғуы мүмкін. Санитарлық ереже талаптарына қарамастан, балабақша әкімшілігі бұл қауіпті заттарды басқа жерге көшірмеген, жоймаған», - деп хабарлады ШҚО прокуратурасының баспасөз қызметі.
Аудан прокуратурасының қадағалау актісі негізінде қауіпті материалдарды әкету бойынша мамандандырылған ұйыммен шарт жасасып, оларды жою шаралары басталды.
Кінәлілер, оның ішінде балабақша меңгерушісі тәртіптік жауапкершілікке тартылды.