27 тамыз күні үкімет отырысында «2025-2027 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заң жобасы қаралды.
– Келесі жылы Ұлттық қордан 2 трлн теңге сомасында кепілдендірілген трансферт тарту жоспарланып отыр. Бюджет тапшылығы, 2025 жылы жалпы ішкі өнімге 2,7% деңгейінде, ал 2027 жылға қарай жалпы ішкі өнімге 1,9%-ға дейін төмендеу болжанды. Бюджет шығыстары 2025 жылға арналған кірістер мен тапшылықты ескере отырып, 25,8 трлн теңгені құрайтын болады, - деді қаржы министрі Мәди Тәкиев.
Мәди Тәкиевтің айтуынша, бюджет әлеуметтік бағытқа бағдарланған.
– 2025 жылы әлеуметтік салаға 9,8 трлн теңге бөлінеді, бұл 2024 жылмен салыстырғанда 794 млрд теңгеге артық. 2025 жылы өңірлерге республикалық бюджет қаражатынан 7,4 трлн теңге бөлінетін болады, - дейді қаржы министрі.
Қаржы министрі 2025 жылға экономиканың нақты секторын қолдауға 2,1 трлн теңге көзделгенін атап өтті.
– Бұл 2025-2027 жылдарға арналған республикалық бюджет жобасының негізгі бағыттары. Жоспарлы кезеңге арналған республикалық бюджеттің параметрлері теңгерілген. Үкімет аппаратымен бірлесе отырып, заң жобасы парламент мәжілісіне енгізуге дайындалады, - дейді Мәди Тәкиев.