Премьер-министр қазақстандық паралимпиадашыларға мемлекеттік туды табыстады


ЖАҢАЛЫҚТАР 21-08-2024, 16:00 0

21 тамыз күні премьер-министр Олжас Бектенов Парижде өтетін 2024 жылғы XVII Паралимпиада ойындары қарсаңында Қазақстан ұлттық құрамасының мүшелерімен кездесті. 

– Паралимпиада – бұл жай ғана спорт емес, бұл адам бойындағы қайсар рух пен шексіз ерік-жігердің шынайы көрінісі. Сіздердің жеңіске деген құштарлық, бейбіт күннің батырларына тән қаһармандық қасиеттеріңіз қандай құрметке де лайық. Миллиондаған адам жанқиярлық еңбек пен өр мінезден шабыттанып, өмірдегі қиындықтарды еңсеруді үйренеді. Бүгін өздеріңізге табыс етіп отырған көк туымыз – айбынды рухымыз бен мызғымас бірлігіміздің, жарқын жеңістің нышаны. Әлемнің ең басты спорт сайыстарында ел намысын қорғау мәртебелі міндет әрі зор жауапкершілік. Сіздер халықаралық аренада Қазақстанды лайықты дәрежеде танытып, елімізге жоғары нәтиже, жаңа жүлдемен оралатындарыңызға сенімдіміз, - дейді Олжас Бектенов.  

Премьер-министр мемлекеттік туды Азия Паралимпиада ойындарының жүлдегері, Қазақстанның 10 дүркін жеңімпазы Берік Ізмағанбетов пен Қазақстан чемпионатының жеңімпазы Севда Алиеваға табыстады. 

– Бүгінгі күн мен үшін ерекше маңызды. Қазақстанның көк туын осындай жоғары деңгейлі жарыстарда көтеру – үлкен құрмет әрі жауапкершілік. Паралимпиада ойындарына қатысу – әрбір спортшының арманы. Біз, параспортшылар, өзіміздің ерік-жігеріміз бен күш-қуатымызды паш етіп, Қазақстанның намысын биікте ұстауға барымызды саламыз. Біздің жүрегімізде елге деген махаббат, патриоттық сезім, жеңіске деген ұмтылыс бар, - деді Берік Ізмағанбетов. 

Естеріңізге сала кетейік, 28 тамыз бен 8 қыркүйек аралығында Парижде өтетін 2024 жылғы жазғы Паралимпиада ойындарына 44 қазақстандық спортшы қатысады. Қазақстан құрамасы спорттың 9 түрінен, атап айтқанда, пара жүзу, пара пауэрлифтинг, пара жеңіл атлетика, пара каноэ, пара тхэквондо, отырып ойнайтын волейбол, пара оқ ату, пара үстел теннисі және пара дзюдодан 33 лицензия алды.

Inkar

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив


Соңғы жаңалықтар