Парижде өткен Олимпиада ойындарында ел намысын қорғаған спортшыларды облыстық полиция департаментінде салтанатты түрде қарсы алды.
Элизавета Матвеева – қазіргі Олимпиаданың дебютанты, биіктікке секіруден Азия чемпионы. Шарлаимов Вадим мен Курбанов Руслан – әлемдік аренадағы жоғары жетістіктердің арқасында семсерлесуден Қазақстан спорты тарихына енген, бұған дейін семсерлесуде мұндай нәтижелерді ешкім көрсетпеген. Сонымен қатар Курбанов Руслан – қазақстандық семсерлесушілердің көшбасшысы және 2023 жылғы әлем чемпионатының қола жүлдегері. Спортшы өзінің екінші олимпиадасында үздік алтылықтың қатарынан көрінді.
Спортшылардың барлығы - «Динамо» дене шынықтыру спорт қоғамының тәрбиеленушілері және Ұлттық ұланда қызмет етеді.
– Сіздер осындай жарыстарға дейін жетіп, әлемнің үздік спортшыларының қатарына ендіңіздер, бұл – үлкен жетістік. Сіздердің алдарыңызда елімізді олимпиадада лайықты таныстыру, ел намысын қорғау сынды жауапты міндет тұрды, оны абыроймен орындадыңыздар. Табандылықтарыңыздың, жеңіске деген ерік-жігерлеріңіз бен жинаған тәжірибелеріңіздің арқасында біз үлкен нәтижелерге қол жеткізетінімізге сенімдімін, – деді ШҚО ПД бастығы Ерлан Омарбеков.