Өскеменнің №2 қалалық сотында косметологиялық процедурадан кейін көз жұмған әйелдің өліміне қатысты үкім шықты.
2023 жылдың 15 сәуірінде 61 жастағы әйел қабағына пластика жасатпақ болады. Кейін өскемендік тұрғын операция кезінде өзін жайсыз сезінген.
Дәрігерлердің айтуынша, марқұм анафилактикалық шок алған. Өскемен қалалық №1 ауруханасына жеткізілген науқас 17 сәуір күні таңертең қайтыс болды.
Сот барысында анықталғандай, косметологиялық қызмет көрсететін азамат өзінің құрбысынан бір клиентіне блефаропластика операциясын жасау кезінде көмекшісі болуды өтінген.
Операциядан кейін науқастың бетінде ісіну пайда болғанына байланысты косметолог медициналық лицензиясы жоқ көмекшісіне лидокаин қосып, цефтриаксон
екпесін салуды сұраған.
Инъекциядан кейін науқастың жағдайы күрт нашарлаған.
Сот үкімімен көмекшісіне 3 жыл мерзімге медициналық қызметпен айналысу құқығынан айыра отырып, екі жарым жылға бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды.
-Қылмыстық кодексінің 322-бабының 3-бөлігіне сәйкес, абайсызда адам өліміне әкеп соққан заңсыз медициналық қызмет көрсеткені үшін айыпталды, - делінген хабарламада.
Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.