Sergek Group баспасөз қызметінің мәліметінше, Шығыс Қазақстан облысындағы мемлекеттік-жекеменшік әріптестік келісім 2024 жылдың 1 шілдесінде аяқталған.
Осы күннен бастап компания Өскемендегі қоғамдық және жол қауіпсіздігі жүйелеріне қызмет көрсетуді тоқтатты.
“Барлық жабдықтар, оның ішінде аппараттық және бағдарламалық жүйелер актіге сәйкес тапсырылды. Компания ақпараттық жүйеге техникалық қызмет және қолдау көрсету бойынша ШҚО жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы ұйымдастырған жабық мемлекеттік сатып алу конкурсына қатысты”, - деп түсіндірді компания.
Алайда Sergek Group өкілінің айтуынша, техникалық шарттағы біліктілік талаптарына сәйкес келмегендіктен, баға ұсынысы кезеңінен өтпей қалған.
Ал ШҚО полиция департаменті 2024 жылдың 1 шілдесінен бастап мердігер мен жергілікті атқарушы органдар арасындағы қызмет көрсету мерзімі аяқталуына байланысты заңбұзушылықтарды бейнежазбаға түсірілмейтінін хабарлады.
«Қазір облыс орталығында фото және бейне талдау жүйесі мен инфрақұрылымын жаңғырту, оның ішінде бұрыннан барларды қайта жөндеу және жаңа бейнебақылау камераларын орнату жобасы жүзеге асырылып жатыр. Сондай-ақ, ШҚО ПД Жедел басқару орталығы бейнебақылау камералары арқылы құқық бұзушылықтың алдын алу және ашу үшін тұрақты бақылауды қамтамасыз ететінін, қалыпты режимде жұмыс істеп жатқанын хабарлаймыз»,- деп атап өтті Полиция департаментінде.
Дегенмен ШҚО жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы барлық жазбалар бұрынғыдай Мәліметтерді өңдеу орталығында сақталатынын атап өтті. Басқарманың мәліметіеше, бүгінде Satory Company LTD ЖШС-мен мемлекеттік сатып алу туралы шарт жасалған.
«Камераларды орнатудың бірінші кезеңі Өскеменде жоспарланған, одан кейін жоба Риддер мен Алтай қалаларын қамтиды. Өскеменде кемінде 2000 қосымша камера орнату жоспарланып отыр. Сондай-ақ жаңа жобада 243 жаңа өлшеу жүйесін (143 сызықтық учаскелерде және 100 қиылыстарда) жеткізу және орнату қарастырылған», - деп толықтырды мекеме.