Биыл Шығыс Қазақстан облысының Самар, Катонқарағай, Ұлан, Алтай, Риддер аудандарында туризм саласындағы құрылыс жұмыстары қарқынды дамып келеді. Бірақ кейбір кәсіпкерлердің туристік базаларды заңсыз түрде салатыны белгілі болды.
Шығыс Қазақстан облысының Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы басқармасы басшылығы жыл басынан бері туристік нысандарда жобалық құжаттамасы болмасада құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргізген төрт нысанды әкімшілік жауапкершілікке тартты.
– Заңсыз нысандардың басым бөлігі Самар ауданындағы Бұқтырма су қоймасының жағалауында орналасқан. Бұзушылықтарды жою үшін жобаны әзірлеу, сараптамадан өту және нысандарды пайдалануға қабылдау туралы ұйғарым берілді, - дейді Мемлекеттік сәулет-құрылыс инспекциялау бөлімі басшысы Самат Қайырдинов.
Туристік нысандар «Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы» Заңына сәйкес жалпы тәртіппен пайдалануға қабылданады. Бұл үшін мердігердің декларациясы және сәулет-техникалық қадағалаудың қорытындысы қажет. Кейін қабылдау-тапсыру актісі жасалып, нысан жұмысы басталады.
– Нысанды акт жасамай пайдалануға тыйым салынады. Белгіленген нормалар мен талаптарды бұзған азаматтар әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Кейбір жағдайларда лицензиядан айыру немесе сертификаттың қолданылуын тоқтата тұру. Сонымен қатар, мемлекет меншігіндегі немесе басқа тұлғаның меншігіндегі нысандалмаған жер учаскесінде өз бетінше құрылыс салған жағдайда ғимаратты бұзуға тура келеді, - деді Самат Қайырдинов.