Оқу-ағарту министрлігінің Балалардың құқықтарын қорғау Комитетінің төрағасы Насымжан Оспанова 1 тамыз күні өткен брифингте балаларды мектепке дайындау үшін «Жаппай оқыту қоры» қандай көмек көрсететіні туралы айтты.
Насымжан Оспанова брифингте елімізде әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға қаржылай және материалдық көмек көрсету және балалардың білім алу құқығын қамтамасыз ету мақсатында құрылған «Жаппай оқыту қоры» бар екенін атап өтті.
– Жаппай оқыту қоры атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасылардың балаларына, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға, сондай-ақ ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен жалақы алатын отбасылардың балаларына материалдық көмек және төтенше жағдайға тап болған оқушыларға жаңа оқу жылы қарсаңында қаржылай көмек көрсетіледі, - деді Насымжан Оспанова.
Одан бөлек, Білім министрлігі ата-аналардың карточкалық шоттарына ақша аудару бөлігінде көмек көрсету механизмін жетілдіру бойынша шаралар қабылдады.
– Бұл ата-аналар мен балаларға киім-кешек пен оқу құралдарын жеткізушілерді өз бетінше таңдауға мүмкіндік береді, сол арқылы сапасыз тауарларды алу мүмкіндігін жояды. Министрлік жалпыға бірдей білім беру қорынан бөлінген қаржының біркелкі бөлінбеу мәселесін де шешті. Енді әрбір оқушыға киім-кешек пен оқу құралдарын сатып алу үшін ең төменгі қаржылық қолдау мөлшері белгіленді, ол ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен болмауы керек, - дейді Насымжан Оспанова.
Әрбір оқушыға киім-кешек пен оқу құралдарын сатып алу үшін ең төменгі қаржылық қолдау мөлшері биылғы жылы – 43 407 теңгені құрайды. Яғни аталған қаржылай көмектің мөлшері осы сомадан төмен болмауы керек.