Былтыр өңірімізде тұңғыш рет бастау алған “Қонақжай отбасы” жобасы биыл да лайықты жалғасын тапты.
Жастардың бойына ұлттық салт-дәстүрімізді, өнеріміз бен мәдениетімізді сіңіріп, тілік ортада жүре қазақ тілін үйретуді мақсат еткен аталған жоба аясында өткен жылыауданымызда 60-тан астам бала жазғы демалыстарын өткізсе, биыл Алтай, Риддер, Глубокое, Шемонаиха аудандарынан келген 101 балғынды Белқарағай, Жамбыл, Берел, Өрел ауылдарының қонақжай отбасылары құшақ жая қарсы алды.
15 маусымда Өскеменнен жолға шыққан жоба қатысушылары ауданымызға жетіп, ауыл-ауылдағы өздерінің отбасыларына орналастырылды. Атап айтқанда, 30 маусымға дейін облысымыздың аудандарынан келген 35 баланы Өрелдегі 13 отбасы, 28 баланы Жамбылдағы 10, 6 баланы Белқарағайдағы 2 және 32 баланы Берел ауылындағы 11 отбасы қабылдап алды.
“Қонақжай отбасы” жобасын іске асыруға ауылдардағы білім беру қызметкерлері, педагогикалық жоғары оқу орындары мен колледжердің студенттері атсалысатын болады.
-«Қонақжай отбасы» жобасына 12 жастан 14 жасқа дейінгі қазақ және орыс тілдерінде оқитын оқушылар қатысып отыр. Олар қазақ тілін екі апта бойы тілдік ортада жүріп үйренеді. Сол үшін арнайы бағдарлама әзірленді. Бағдарлама бойынша балалар туған өлкенің салт-дәстүрін, мәдениетін, тарихымен танысып, мол мағлұмат алады. Балақайлар табиғат аясына саяхат жасап, қызықты кітаптар оқып, фильмдер көріп, ауданымыздағы киелі жержәне аудандағы киелі орындарды тамашалайды. Жоба қатысушылары жазғы демалыстарын мәнді де сәнді өткізулеріне сенімдіміз, - дейді Катонқарағай ауданының білім бөлімінің басшылығы.
Жоба қатысушыларын ауданымызға келген бетте аудан әкімінің орынбасары Серік Жақитов, аудандық білім бөлімінің басшысы Ғалия Көшенова қарсы алып, ізгі тілектерін жеткізді. Аудандық мәдениет және тұрғындар демалысының әртістері, Шығармашылық үйі және балалар музыка мектебінің өнерпаздары алыстан жеткен балақайларға ән мен күйлерін арнап, ақ жаулықты әжелер шашу шашты.
Бұдан кейін балалар арнайы автобустарға отырып, ауылдарына аттанды.
Берелдегі Эрнст Тельманұлының берекелі отбасына Шемонаихадан келген балалар қоныстанды. Балғындар шығыстың шалғайында жатқан табиғаты көркем осындай жерге келгендегі қуаныштарын жасырмады.
-Біз Катонқарағай ауданына алғаш рет келіп отырмыз. Мұнда келген бетте бізді отбасылар құшақ жая қарсы алып, құрметін көрсетті. Өзімізге қатты ұнап жатыр. Осында қазақ тілін үйренуге, жаңа достар табуға, әсем табиғат аясында демалуға келдік. Осы өңірдің мәдениеті мен өнерімен де жақынырақ танысқымыз келеді. Ертең осы жердегі “Берел” музейіне саясат жасаймыз, - дейді жоба қатысушылары Татьяна Ермолаева мен Согдина Карабаева.
Берел ауылындағы Қанағат Чакиртовтың отбасына келген шемонаихалық тағы бір жас Радмила Касенова да Катонқарағай ауданына өмірінде алғаш рет келгендігін, мұндағы әсем табиғатқа бірден ғашық болғандығын айтады.
-Біздің ауылдағы мектепте ұстаздарымыз қазақ тілін жетік меңгеру қажеттілігін үнемі айтады. Сөйтіп биыл “Қонақжай отбасы” бар екендігін біліп, соған қатысуға өзім ниет таныттым. Катонқарағай ауданына келгеніме, осы жобаға қатысып отырғаныма өте қуаныштымын. Берел ауылы өзіме қатты ұнап жатыр. Бізді қабылдаған отбасылар да өте жақсы адамдар. Демалыс күндеріміз аяқталғанша, қазақ тілімді жақсартып алармын деген сенімдемін, - дейді Радмила.