Катонқарағайда «Алтай – түркі әлемінің алтын бесігі» халықаралық музыкалық фестивалі өтті

ЖАҢАЛЫҚТАР Кеше, 14:30 0

Шығыс Қазақстан облысының Катонқарағай ауданында «Алтай – түркі әлемінің алтын бесігі» атты халықаралық музыкалық фестиваль өтті. Облыс әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырылған шараға он мыңға жуық адам жиналды.

Фестиваль аясында 60 киіз үйден тұратын этноауыл бой көтеріп, келушілер ұлттық тағамдардан дәм татып, қолөнер шеберлерінің бұйымдарымен танысу мүмкіндігіне ие болды. Сонымен қатар, дәстүрлі көкпар мен аламан бәйге жарыстары ұйымдастырылып, Берел қорғанынан табылған көне артефактілер таныстырылды.

Мерекелік шара түркі халықтарының мәдени мұрасын, тарихи сабақтастығы мен рухани байланысын айшықтады. Көрермендер Қазақстан эстрадасының жарық жұлдыздары – «Музарт», «Абырой», «Тұран» топтары мен Қобыланды Болат, Құралай Мейрамбек, Әміре сынды әншілердің өнерін тамашалады.

Фестивальдің көрнекті бөлігінің бірі – 11 елден келген өнерпаздардың қатысуымен өткен түркі музыкасының шоу-фестивалі болды. Олардың қатарында Түркия, Ресей, Әзербайжан, Өзбекстан, Қырғызстан және Моңғолия елдерінің өкілдері бар.

Фестивальдің шарықтау шегі – Берел қорғанынан табылған қасиетті Штандарт бейнесінің салтанатты түрде сахнада таныстырылуы болды. Бұл – түркі халықтарының рухани тұтастығын білдіретін ерекше символ. Фестивальді танымал актер Әділ Ахметов пен тележүргізуші Амина Жұмамұрат жүргізді.

Бағдарлама аясында этнографиялық қойылымдар, тарихи көріністер, ұлттық әуендер мен билер ұсынылды. Өнер иелерінің туындылары мен музыкалық нөмірлері Алтайдың адамзат өркениетінің бесігі ретіндегі маңызын және мәдени бірліктің терең мағынасын паш етті.

«Алтай – түркі әлемінің алтын бесігі» халықаралық музыкалық фестивалі түркі халықтарының мәдени байланысын нығайтатын маңызды алаңға айналып, өңірдің мәдени өміріндегі жарқын оқиға ретінде есте қалды.

Inkar

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив