Шығыс Қазақстан облысында жыл соңына дейін әлеуметтік аз қамтылған және көпбалалы отбасылар үшін 15,5 млрд теңгеге жалпы ауданы 46 мың шаршы метр болатын 766 пәтер сатып алу жоспарланды.
Облыстық әкімдікте өткен жиын барысында ШҚО құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Дидар Кеңесбаев «Бірқабатты Шығыс» бағдарламасы бойынша республикалық бюджет есебінен 156 пәтер, ал бағалы қағаздар есебіне 610 пәтер алынады деді.
«Көпқабатты коммерциялық тұрғын үй саласында өсім бар. Қазіргі уақытта жалпы ауданы 457 мың шаршы метр болатын 52 үйдің құрылысы жүргізіліп жатыр. Жыл қорытындысы бойынша жалпы ауданы 184 мың шаршы метр болатын 23 үйді пайдалануға берілмек»,- деді баяндаушы.
Халықтың әлеуметтік мұқтаж топтарын қолдау жайлы айта отыра, облыс әкімі тұрғын үймен әуелі көпбалалы отбасылар мен жетім балаларды қамтамасыз ету керектігіне тоқталды.
«Бізде «Мейірім» деген тамаша бағдарлама бар. Ары қарай соны жалғастырып, дамыту керек. Әр ірі ұйым өзіне жетім балаларды бөліп алып, қажет көмектерді көрсетсін. Мемлекет оларға онсыз да көмек пен қолдау көрсетіп жатыр. Біз де өз кезегімізде көмегімізді аямайық», - деді облыс басшысы Ермек Көшербаев.
Облыс басшысы жауапты органдарға апта соңына дейін квота алмаған жетім балалардың тізімін дайындауды тапсырды. Сондай-ақ қала, аудан көлемінде тұрғын үй кезегінде тұрған отбасылардың тізімін жариялауды тапсырды.