Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағановтың төрағалығымен облыс әкімдігінде туризм саласын дамыту мәселесі бойынша кеңес өтті.
Кеңес барысында ағымдағы жазғы туристік маусымның өтуі, облыс су айдындарында адамдардың қаза болуына жол бермеу шаралары, жол инфрақұрылымының жағдайы мен туристік бағыттар бойындағы санитарлық-гигиеналық тораптардың жұмысы қаралды.
Туризм басқармасының мәліметінше, өңірде туристік ағын көлемінің тұрақты оң серпіні байқалуда. Ағымдағы жылдың бірінші тоқсанының қорытындысы бойынша Шығыс Қазақстан облысына 100 мың турист келген. Оның 95 мыңы – отандық туристер (27%-ға өскен), 5 мыңы – шетелдік туристер, бұл көрсеткіш өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 50%-ға артқан.
Бүгінде облыста 371 туристік нысан жұмыс істейді: қонақ үйлер, демалыс базалары, пантотерапия орталықтары, экоқонақүйлер.
Ағымдағы жылдың наурыз айынан бастап туристік нысандарды кезең-кезеңімен дайындау жұмыстары жүргізіліп, биылғы маусым өткен жылмен салыстырғанда 10 күнге ерте ашылды.
Шомылу маусымы 10 маусымнан ресми түрде басталды. Бұған дейін жағажайлар мен демалыс базаларын санитарлық тазалау, су сынамаларын алу, персоналды оқыту бойынша тиісті жұмыстар атқарылған. Сонымен қатар, құтқару бекеттері, мобильді патрульдік топтар ұйымдастырылып, қауіпсіздік шаралары күшейтілді.
Биыл алғаш рет туристік нысандарға апаратын жолдар бойында санитарлық-гигиеналық тораптарды орнату жұмыстары басталды. Жыл басынан бері «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ тарапынан төрт санитарлық-гигиеналық торап орнатылды (Бұқтырма көпірінің екі жағында, Үлкен Нарын және Ұлан ауданының Егінсу ауылында). Жыл соңына дейін тағы тоғыз торап орнатылады.
Тағы бір маңызды мәселе – туристік аймақтарды сапалы интернетпен қамтамасыз ету. Бүгінгі күні өңірдегі елді мекендердің 97%-ы мобильді интернетпен қамтылған. Әрбір туристік нысанды байланыс және интернетпен қамтамасыз ету бойынша базалық станциялар орнату, радиокөпірлер ұйымдастыру және KazSat пен OneWeb спутниктік технологияларын қолдану арқылы нүктелі жұмыстар жүргізілуде.
Сонымен қатар, туристерді тарту мақсатында өңірде жыл сайын бірқатар имидждік шаралар өткізіледі. Атап айтқанда, «Шығыс салбұрыны» бүркітшілер фестивалі, «Аяз Ата, Ақшақар», «AltaiFest», қысқы «Бұқтырма балықшысы» балықшылар фестивалі, «Алтай – түркі әлемінің алтын бесігі» шаралары. Биыл бұл тізімді Қазақстан мен жақын шетелден аңшылар қатысатын жаңа «Аңшылық туризм» фестивалі толықтырмақ. Ол 25-27 шілде күндері өтеді.
Биыл су айдындары мен туристік нысандарда туристердің жаппай шоғырланатын жерлерінде мәселелерді жедел анықтау және шешу мақсатында көшпелі кеңестер өткізілуде. Мысалы, Ұлан ауданындағы Шалқар көлінде (Сібе көлдері) орналасқан қалалық жағажай мен Алтай ауданының Жаңа Бұқтырма кентінде көшпелі кеңестер өткізілді.
Кеңес қорытындысы бойынша облыс әкімі бірқатар тапсырма берді:
«Қалалар мен аудандардың әкімдері барлық демалыс аймақтарын толық ретке келтіру бойынша шаралар қабылдауы тиіс. Жолаушылар көлігі басқармасы «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ филиалымен бірлесіп, туристік бағыттар бойындағы барлық санитарлық-гигиеналық тораптарды ашуы және оларды қосымша орнату бойынша қала-аудан әкімдерімен бірлесіп ұсыныстар енгізуі қажет. Сонымен қатар, жол бойындағы барлық сервистік нысандарды тексеріп, олардың айналасындағы санитарлық-гигиеналық жағдайды ретке келтіру қажет», – деді Нұрымбет Сақтағанов.
Сондай-ақ, облыс әкімінің тапсырмаларының ішінде – әуежайлар мен вокзалдарды цифрландыру және облыстың туристік сайтына көшіру, барлық қоғамдық жағажайларды абаттандыру, киім ауыстыратын бөлмелер, санитарлық-гигиеналық тораптар мен күркелер орнату, сондай-ақ полиция тарапынан қоғамдық демалыс орындарында тұрақты патрульдеуді қамтамасыз ету мәселелері бар.