А.С.Пушкин атындағы Шығыс Қазақстан облыстық кітапханасында мемлекет және қоғам қайраткері, жазушы, Сәдібек Түгелдің 70 жылдығына орай «Өсе бер, өрлей бер, өр Алтайым!» атты шығармашылық кездесу кеші өтті, деп хабарлайды Bizdiң Өskemen.
Әдеби кешке Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Ербол Нұрғалиев, Жазушылар және журналистер одағының мүшесі Әлібек Қаңтарбаев, бұрынғы спорт министрі, Педагогика ғылымдарының докторы, профессор Анатолий Құлназаров, генерал, «Германиядағы Кеңес әскері тобы және Варшава келісім шарты әскері тобы» ардагерлерінің Шығыс Қазақстан облысы қоғамдық бірлестігінің төрағасы Мұрат Телебаев, Сәдібек Түгелдің туыстары, сыныптастары қатысты.
– Жарық көріп жатқан кітаптың тұсаукесеріне қатысайық, Сәдібек ағамызды биылғы мерей жасымен тағы бір мәрте құттықтайық деп келіп отырмыз. Біздің осы Шығыстан шыққан біраз ағаларымыз бар, соны әрқашан өзіміз ұлықтап, өзіміз құрметтеп мына жас ұрпаққа біз жеткізу керекпіз. Біз әрқашан осындай ағаларымызды ұмытпай, қолдауымыз керек. Бүгінгі шара сол үшін өткізіліп жатыр. Біз сізбен мақтанамыз, – дейді Ербол Нұрғалиев.
Жиын барысында Сәдібек Түгелдің «Мыңбасы», «Сұңқардың самғауы», «Джеки» атты кітаптарының тұсаукесері өтті.
– Жазушыларда бір тәртіп бар. Мерей жасқа келгенде туған жерге келіп, халықпен кездесіп, бір шығармашылық есеп беріп кету. Сол бағытында міне осындай кездесу өтуде. Жалпы мен 20-дан астам кітаптың авторымын. Осы жолы 4 кітаптың тұсаукесері өтті. Шығармашылық кештің «Өсе бер, өрлей бер, өр Алтайым!» деп аталуы бекер емес. Менің бүгін таныстырайын деп отырған төртінші кітабымның аты «Өсе бер, өрлей бер, өр Алтайым!» деп аталады. Біз осы өр Алтайдың өрендеріміз. Алтай деген әлемдегі ең мықты таулардың бірі. Алтай тауы 4 мемлекетті басып жатқан бірден бір тау. Бүкіл әлем өркениетінің бастау алған жері. Сондықтанда кітабымның атын «Өсе бер, өрлей бер, өр Алтайым!» деп қойып отырмын. Алтай қазір өсу, өрлеу үстінде, – дейді Сәдібек Түгел.