Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі қазақстандықтарды «Қазпошта» АҚ-тың атын пайдаланып жасалатын алаяқтық жағдайлары туралы ескертті, деп хабарлайды Bizdiң Өskemen.
Агенттік мамандары алаяқтықтың схемасын түсіндірді:
1. Азамат «Қазпоштадан» хат немесе сәлемдеме жеткізу туралы ақпараты бар SMS-хабарлама алады.
2. Осыдан кейін абоненттің WhatsApp мессенджеріне «Қазпоштадан» қоңырау шалынады.
3. Мекенжайды нақтылау немесе жеткізуді растау керек деген сылтаумен азаматтардан SMS-ке келген кодты айтуды сұрайды.
4. Кодқа қол жеткізген соң шабуылдаушылар оны жеке деректерді алу немесе жәбірленушінің атына онлайн кредит ресімдеу мақсатында қосымшаларға немесе қызметтерге кіру үшін пайдаланады.
Алаяқтықтан қалай қорғауға болады:
– Қоңырау шалушы ресми ұйымның қызметкері болып көрінсе де, SMS-пен келген растау кодтарын ешкімге айтпаңыз.
– Белгісіз адамдар жіберген хабарламалар бойынша сілтемелерге өтпеңіз.
– Телефон арқылы дербес деректерді, банк картасының нөмірін және CVV-кодты ешкімге айтпаңыз.
– Мессенджерлер арқылы бейтаныс нөмірлерден келген қоңырауларға сақ болыңыз.
– Кез келген ақпаратты ресми арналар, сайт немесе мобильдік қосымша арқылы екі рет тексеру қажет.
– Алаяқтық белгілері анықталған жағдайда, дереу құқық қорғау органдарына жүгіну керек.
– Алаяқтық кредиттерді ресімдеуден қорғану үшін eGov.kz порталында немесе eGov mobile мобильдік қосымшасында банктік қарыздар мен микрокредиттерді алудан ерікті түрде бас тартуды белгілеу ұсынылады. Бас тартуды азамат кез келген уақытта сол ресми ресурстар арқылы алып тастай алады, – делінген Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің хабарламасында.