Шығыс Қазақстан облысына Өзбекстанның Қазақстандағы елшісі Бахтиёр Ибрагимов келді, деп хабарлайды Bizdiң Өskemen.
Өскемен қаласында Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағановтың арнайы шақыртуымен келген Бахтиёр Ибрагимовтың қатысумен Өзбекстанның туристік әлеуетін таныстыру бойынша кездесу өтті.
– Бүгінгі күні Қазақстан мен Өзбекстан арасында барлық деңгейде біздің өзара қарым-қатынасымыз тығыз, белсенді байланыс орнатылған. Аймақаралық қарым-қатынас деңгейінде бізде өңіраралық форум құрылды. Екіжақты экономикалық қарым-қатынасқа келетін болсақ, бүгінде Қазақстан мен Өзбекстан – ең ірі экономикалық серіктестер. 2024 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан – біздің үшінші ірі сауда серіктесіміз. Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы екіжақты сауда көлемі 4,5 миллиард АҚШ долларын құрайды. 2025 жылдың алғашқы төрт айының қорытындысы бойынша тауар айналымы 1,3 миллиард долларды құрады. Мемлекет басшылары алдағы уақытта бұл көрсеткішті 10 миллиард долларға дейін жеткізуді көздеп отыр, – дейді Бахтиёр Ибрагимов.
Өзбекстан үшін туризм саласындағы ең ірі серіктестердің бірі – Қазақстан. 2024 жылдың қорытындысы бойынша, Қазақстаннан Өзбекстанға барған туристер саны 2,8 миллион адамды құрады. Өткен жылы Қазақстанға шамамен 3 миллионға жуық өзбекстандық турист келді.
– Екі ел арасында тұрақты әуе қатынасы жолға қойылған. Қазақстан мен Өзбекстан арасында аптасына тұрақты түрде 42 әуе рейсі орындалады. Олардың ішінде Ташкент – Алматы бағыты бойынша күн сайын үш рейс, ал Ташкент – Астана бағыты бойынша күн сайын екі рейс қатынауда. 2025 жылдың мамыр айынан бастап Астана – Түркістан – Самарқанд бағыты бойынша жаңа рейс іске қосылды. Жақында ғана «Centrum Air» компаниясы Нүкіс – Ақтау – Нүкіс бағытындағы әуе рейсін іске қосты. Ал 15 шілдеден бастап «FlyArystan» компаниясы Атырау – Ташкент – Атырау бағыты бойынша жаңа рейс ашатынын жариялады, – деді ол.
Іс-шара барысында Бахтиёр Ибрагимов Өскемен – Алматы – Бішкек – Ташкент – Самарқанд – Бұхара – Хиуа бағытындағы туристік пойызды іске қосу туралы ұсынысты қолдайтынын атап өтті.
– Қыркүйек айында біз ірі инвесторлар мен шетелдік ірі кәсіпорындарды шақырып, ауқымды инвестициялық форум өткізуді жоспарлап отырмыз. Бүгінгі іс-шараның басты мақсаты – бүгін келіп жатқан әрбір елшінің өз мемлекетінің кәсіпорындарына осындағы ақпаратты жеткізу. Бүгін бізге шамамен 23 шетелдік делегация өкілдері келуде. Кеше бізге Өзбекстан Республикасының делегациясы келді. Бүгін біз өзіміздің туристік компанияларымызды Өзбекстанның туристік әлеуетімен таныссын деп арнайы шақырдық, – деді Туризм басқармасы басшысының орынбасары міндетін уақытша атқарушы Тимур Жігітаев.