Кодтар туралы деректер базасымен салыстырып қарағанда елдегі айфондардың жартысынан көбінің заңсыз әкелінгені анықталған. Сондықтан да енді контрабандамен күреске бағытталған ереже енгізілген. Бұл салық түсімдерін тиісті көлемде алуға жол ашады, деп хабарлайды Bizdiң Өskemen.
Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің орынбасары Досжан Мұсалиев мобильд байланыс құралдарын тіркеу ережесін енгізу не үшін қажет болғанын түсіндірді. Оның айтуынша, Қазақстанға әкелініп жатқан мобильді телефондардың 75%-ы заңсыз кіргізілген. Әсіресе заңсыз әкелінетін «айфон» саны бұдан әлдеқайда көп.
– Бұл санды кодтар туралы деректер базасымен салыстырып қарасақ, ел аумағында іске қосылған құрылғы саны 4 миллионға жуық. Сондықтан контрабандамен күреске бағытталған ереже енгіздік. Бұл салық түсімдерін тиісті көлемде алуға жол ашады, – деді Досжан Мұсалиев.
Оның айтуынша, заңсыз телефон тасушылар салық пен тиісті кеден бажын төлемейді. Сондықтан да нарыққа толық жарық түсіру үшін осы тетікті ойлап тапқан.
– Біздегі деректерге сүйенсек, 2024 жылы елге 1,5 миллиондай Apple компаниясының телефондары заң талабына сай әкелінген, – деді ол.