Әкімдер ағаш егуді дәстүрге айналдырады - ШҚО

ЖАҢАЛЫҚТАР 30-05-2025, 16:00 0

Үлкен Нарын ауданына жұмыс сапары аясында Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов аудан орталығындағы «Тәуелсіздік» саябағында өткен «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясына қатысты. Акция барысында 50 түп ағаш көшеті отырғызылды.

«Бүгін Үлкен Нарын жерінде игі іс-шара – «Таза Қазақстан» акциясы өтіп жатыр. Бүгін барлық қала мен аудан әкімдері бір-бірден ағаш отырғызды. Бұл дәстүрді әкімдіктің көшпелі отырыстары өтетін күндері жалғастырамыз деп ойлаймын», – деді ол.

Сонымен қатар, облыс әкімі әкімдік көшпелі отырыстарының форматына да тоқталды. Оның айтуынша, мұндай кездесулер әр аудан мен қала әкімдері арасында тәжірибе алмасуға, тікелей сұхбаттасуға мүмкіндік береді. Өз көздерімен көрген тиімді әдістер мен тәжірибелерді олар кейін өз өңірлерінде қолдана алады.

Облыс әкімі акцияның мәні тек аумақты көгалдандыру мен тазалықпен шектелмейтінін атап өтті.

«Бәріміз білеміз: таза жер – бұл тек тазаланған емес, сонымен бірге ластанбайтын жер. Бірақ бұдан бөлек, бұл акцияның терең мағынасы бар – ол жан тазалығына ұмтылу. Біз өзіміз де таза, адал, әділетті, мейірімді болып, мұқтаж жандарға көмектесіп, үнемі өзімізді жетілдіруіміз қажет», – деп қорытындылады Нұрымбет Сақтағанов.

Adil

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив