ПарламентМәжілісіне «Қазақстан Республикасы Конституциясының отыз жылдығына байланысты рақымшылық жасау туралы» заң жобасы келіп түсті. Заң жобасы депутаттардың бастамасымен әзірленіп, гуманизм қағидаттарына негізделген.
Мәжілістің Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің төрағасы Снежанна Имашеваның айтуынша, бұл құжат арқылы мемлекетпен қоғам қауіпсіздігіне айтарлықтай қауіп төндірмейтін қылмыс жасаған азаматтарға рақымшылық жасау көзделіп отыр. Әсіресе, әлеуметтік осал топтарға – кәмелетке толмағандар, жүкті және кішкентай балалары бар әйелдер, мүгедектер, зейнеткерлер, Ұлы Отан соғысына қатысушылар мен оларға теңестірілгендерге басымдық беріледі.
МәжілісдепутатыҮнзила Шапақтың айтуынша, рақымшылық аясында 4,1 мың адам босатылады. Оның ішінде 632 адам – қылмыстық-атқару жүйесінен, ал 3,5 мың адам – пробация қызметінің есебінен шығарылады. Сонымен қатар, тағы 11 мыңға жуық адамның жазасын өтеу мерзімі қысқартылады.
Рақымшылыққа 833 әйел ілігеді, оның ішінде 109-ы бостандыққа шықса, 724-інің жазасы қысқартылады.