Бірінші мамырдан бастап жедел жәрдем қызметі мен мобильді бригадалар екіге бөлініп жұмыс істейді. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова Үкімет отырысында айтты.
Бастапқыда мобильді бригадалар «35 мың тұрғынға 1 топ» қағидатымен жасақталған. Кейін 1 мамырдан бастап бұл норма 25 мың тұрғынға дейін азаятыны айтылды. Яғни 20 млн халыққа кемінде 800 мобильдік бригада қажет деген сөз.
– 1 мамырдан бастап емханалардың жанындағы 600 мобильдік бригада жұмысқа кірісуге дайын тұр. Қалған 200 бригада аутсорсинг аясындағы келісімшарт бойынша жұмысқа кіріседі. Олармен тиісті келісімшарттар бекітілген, – деп түсіндірді министр Үкімет отырысынан кейінгі баспасөз мәслихатында.
Қазақпарат тілшісі «25 мың тұрғынға бір бригада» халқы сирек қоныстанған аудандарда қалай ұйымдастырылатынын сұрады.
– Мысалы, Шығыс Қазақстанның Катонқарағай ауданында 23 мыңнан асатын тұрғын бар. 27 елді мекенге бір бригада қалай үлгереді – деді БАҚ өкілі.
Ведомство басшысы мұндай аудандардың мәселесін аутсорсинг құралы арқылы шешу көзделіп отырғанын айтты.
– Ауылдық елді мекендерде жедел жәрдем қызметімен бірге аутсорсинг бригадалары бұрынғыдай жұмыс істей береді. Осы жұмыс бір жолға қойылғаннан кейін басқа да қосымша өзгерістерді қарастырамыз, - деді Ақмарал Әлназарова.