Жастарды қолдауға бағытталған 2025 жылғы «Тәуелсіздік ұрпақтары» грантына конкурстық өтінімдерді қабылдау басталды, деп хабарлайды Bizdiң Өskemen.
Гранттың мақсаты белсенді шығармашыл жастар қауымдастығын қалыптастыруға бағытталған жаңа идеялар мен бастамаларды мемлекеттік тұрғыдан қолдау. Осы жылы 3 млн теңгеден 30 грант беріледі. Грантқа 14 жастан бастап 35 жасқа дейінгі (34 жасты қоса алғанда) жастар қатыса алады.
Грант мынадай 6 бағыт бойынша жобаларды іске асыру үшін конкурстық негізде беріледі:
«Ғылым» – жаңа ғылыми жобаларды және зерттеулерді іске асыруға арналған;
«Мәдениет» – Қазақстанның мәдени мұрасын танымал етуге, халықтық мәдени дәстүрлер мен өнерді ілгерілетуге бағытталған жобаларды іске асыруға арналған;
«Ақпараттық технологиялар» – жаңа IT шешімдер мен жобаларды, оның ішінде жаңадан басталған стартап жобаларды іске асыруға және әзірлеуге арналған;
«Бизнес» – жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға арналған;
«Медиа» – жаңа медиа жобаларды, оның ішінде жастар үшін танымдық, пайдалы, қызықты контент құру жөніндегі жобаларды іске асыруға арналған;
«Волонтерлік» – өзекті, әлеуметтік проблемаларды шешуге бағытталған волонтерлік жобаларды (бастамаларды)іске асыруға арналған.
Конкурстық өтінімдерді қабылдау 2025 жылғы 16 маусымнан бастап 18 тамыз аралығында (бұл ретте, а.ж. 18 тамыз, сағ.: 24:00-ге дейін) t.urpaktary25@gmail.com электронды поштасы арқылы жүзеге асырылады.