Шығыс Қазақстан KITF–2025 халықаралық туристік көрмесінде таныстырылды, деп хабарлайды Bizdiң Өskemen.
Орталық Азиядағы ең ірі туристік көрмелердің бірі – Kazakhstan International Tourism Fair (KITF) әлемнің түкпір-түкпірінен келген туристік индустрия өкілдерін біріктіріп, туристік бағыттарды ілгерілетуге, іскерлік байланыстар орнатуға және халықаралық ынтымақтастықты дамытуға бірегей алаң ұсынады.
Көрмеге Шығыс Қазақстан облысы ауқымды стендпен қатысты. Мұнда аймақтың туроператорлары қонақтарды табиғи көрікті жерлермен, мәдени және гастрономиялық мұрамен, сондай-ақ орналастыру мүмкіндіктерімен таныстырды. Экологиялық, этнографиялық, оқиғалық және белсенді туризм сынды заманауи саяхатшыға танымал бағыттарға ерекше көңіл бөлінді.
Шығыс Қазақстан облысының делегация құрамында Altay-Pro.kz, Katonkaragai Tour, Viator Way, Drivejeepkz, Sunrise Travel, «Баян» пантоемдеу шипажайы, «Заречье» эко-отелі, Best Western Plus Oskemen қонақ үйі, сондай-ақ бірқатар қонақ үйлердің иелері болды.
ШҚО стендінде түрлі елдердің туристік саласының өкілдерімен B2B кездесулер белсенді өтті, бұл жаңа ынтымақтастық форматтарын орнатуға және тәжірибе алмасуға жол ашты.
Көрменің алғашқы күніндегі маңызды оқиға – Шығыс Қазақстан облысының Туристік ақпараттық орталығы мен Ресей Федерациясындағы Алтай өлкесінің Туристік ақпараттық орталығы арасындағы өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Құжат шекара маңындағы туризмді дамытуға, бірлескен іс-шаралар өткізуге және туристік өнімдерді өзара ілгерілетуге бағытталған.
– Аталған келісімге қол қойылуы – шекаралас өңірлердегі туризмді тұрақты дамытуға және бірлескен жобаларды іске асыруға жаңа мүмкіндіктер ашады. Біз ресейлік әріптестермен күш біріктіру арқылы отандық және шетелдік туристерді қызықтыратын бірегей туристік бағыттар жасай аламыз деп сенеміз, – дейді ШҚО Туристік ақпараттық орталығының басшысы Татьяна Исенева.
Шығыс Қазақстанның KITF–2025 көрмесіне қатысуы өңірдің ел ішіндегі туристік карталардағы орнын нығайтып қана қоймай, оны халықаралық туристік қоғамдастыққа біріктіруге де ықпал етеді.
Айта кетейік, Kazakhstan International Tourism Fair көрмесі 23–25 сәуір аралығында Алматы қаласы «Атакент» көрме кешенінде өтті.