Еліміздің бірқатар өңірінде тасқын судың алдын алу шаралары жүргізілуде. Басқа өңірлермен бірге Шығыс Қазақстан облысына қарасты Бұқтырма және Өскемен су қоймаларының да суы азайтылып жатыр,деп хабарлайды Bizdiң Өskemen.
ҚР су ресурстары және ирригация министрлігінің мәліметінше, қар суын қабылдау және оны қауіпсіз өткізу үшін еліміздің солтүстік, батыс, шығыс және орталық аймақтарындағы ірі су қоймаларынан су жіберіп жатыр.
28 сәуірдегі мәлімет бойынша Ақмола, Ақтөбе, Қарағанды, Қостанай, Батыс Қазақстан және Ұлытау облыстарының су қоймаларында су тасқынының белсенді кезеңі аяқталған.
Ал Шығыс Қазақстан облысында Бұқтырма су қоймасынан секундына 1110 текше метр, Өскемен су қоймасынан 1030 текше метр су жіберіліп жатыр.
Сонымен қатар, көрші Абай облысындағы Шүлбі су қоймасынан секундына 3130 текше метр су жіберілсе, Солтүстік Қазақстан облысында Сергеев су қоймасынан секундына 1040,8 текше метр, Петропавл су қоймасынан 3219,4 текше метр су жіберілуде.