Глубокое ауданының Секисовка ауылында дәрігерлік амбулатория ашылды, деп хабарлайды Bizdiң Өskemen.
Енді ауыл халқы алысқа бармай-ақ сапалы медициналық қызметтің игілігін көреді. Жаңа нысан инфаркт, инсульт, жарақат және өзге де шұғыл жағдайларда ауыл тұрғындарына дер кезінде көмек көрсетуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, ауыл халқының денсаулығын нығайту, уақытылы профилактикалық және сауықтыру шараларын өткізу, скринингтік тексерулер жүргізу де жолға қойылады.
– Бұған дейінгі амбулатория қарапайым ғимаратта орналасқан еді. Бұл тұрғындар мен дәрігерлер үшін қолайсыз болатын. Қазір ауылымызда жаңа ұрпақ өсіп келеді, ал олардың денсаулығына қарайтын білікті мамандар болса, болашағымыз жарқын болады, – дейді ауыл тұрғыны Елена Блинова.
Облыста «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» пилоттық ұлттық жобасы аясында 36 медициналық нысанның құрылысы жоспарланған. Атап айтқанда: 7 дәрігерлік амбулатория, 2 фельдшерлік-акушерлік пункт және 27 медициналық пункт бой көтереді.
– Ұлттық жоба аясында Глубокое ауданында екі жыл ішінде 6 нысан салынады. Жаңа амбулатория ауданымыздағы үшінші медициналық мекеме, – дейді Глубокое ауданы әкімінің орынбасары Елена Старенкова.
Айта кетейік, алдағы уақытта да көптеген ауылда медицина саласына жаңа серпін беретін нысандар ашылады.