Енді қалалар мен аудан әкімдерінің жұмысы KPI көрсеткіштерінің орындалуы бойынша бағаланады. Бұл туралы облыс әкімдігінде өткен мәжілісте айтылып, меморандумға қол қойылды, деп хабарлайды Bizdiң Өskemen.
Шығыс Қазақстан облысы әкімдігінде қалалар мен аудан әкімдерінің қызметін бағалау рейтингі нәтижелері бойынша меморандумға қол қойылды. Ендігі кезекте әр өңірдегі KPI көрсеткіштерінің орындалуы басты назарда болмақ.
– Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасына қалалар мен аудандар әкімдерінің қызметін бағалау рейтингінің қорытындысын шығару механизмін өзгерту бойынша ұсыныс енгізу қажет. Бұл рейтингте KPI көрсеткіштерінің орындалуына басымдық берілуі тиіс. Әр әкімге 2025 жылға арналған салық түсімдерінің өсуін қамтамасыз ету және төрт нақты жобаны жүзеге асыру бойынша көрсеткіштер белгіленген, – деді облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов.
Сондай-ақ аймақ басшысының тапсырмасы бойынша іс-шараларды сапалы жүзеге асыру және әрбір әкім үшін сандық немесе пайыздық мәндегі негізгі тиімділік көрсеткіштерін (KPI, Key Performance Indicators) анықтау мақсатында облыстық жұмыс тобы өңірдің қалалар мен аудандарды іссапармен аралағаны айтылды.
KPI құрамына 2025 жылға арналған қалалар мен аудандардың ірі әрі маңызды жобалары енгізілген. Бұл жобалар экономиканың өсуіне, жұмыс орындарының құрылуына және салық түсімдерінің артуына елеулі үлес қосады деп көзделген.
Меморандумға облыс әкімімен қатар, Өскемен, Риддер, Алтай қалаларының, сондай-ақ Алтай, Самар, Үлкен Нарын, Марқакөл, Глубокое, Зайсан, Катонқарағай, Күршім, Тарбағатай, Ұлан, Шемонаиха аудандарының әкімдері қол қойды.