Атомдық энергия агенттігі Қазақстанда салынатын АЭС-те апат болған жағдайда «Росатомның» қандай жауапкершілікке ие болатынын түсіндірді.
Агенттіктің баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, халықаралық тәжірибеге, соның ішінде 1963 жылғы 21 мамырдағы Ядролық залал үшін азаматтық жауапкершілік туралы Вена конвенциясына және 1997 жылғы 12 қыркүйектегі хаттамамен енгізілген өзгерістерге сәйкес, атом электр станциясындағы ықтимал апаттар үшін негізгі заңды жауапкершілік станция операторының мойнына жүктеледі.
«Мұндай модель көптеген елдерде қолданылады және залалды өтеу механизмін жеңілдетуге бағытталған. Сондықтан халықаралық құқық тұрғысынан алғанда, Қазақстандағы АЭС операторы станцияны қауіпсіз пайдалануға және ықтимал апаттардың салдарына толық жауап береді. Сонымен қатар, жобаны іске асыру аясында консорциумға қатысушылардың барлық шарттық міндеттемелері қарастырылуда, оның ішінде сақтандыру тетіктері, техникалық кепілдіктер және бас мердігер – «Росатомның» ықтимал жауапкершілік шарттары да Бас келісімшартта көзделеді», - деп хабарлады ведомстводан.