Бүгінде ең өзекті мәселелердің бірі – жасөспірімдер қылмысының алдын алу. Осы мақсатта облыс аумағында 10 сәуірде "Жасөспірім" деп аталатын профилактикалық шара басталған. Республикалық жедел шара 6 мамырға дейін жалғасады.
Іс-шараның негізгі мақсаты – жасөспірімдер қылмысының алдын алу және оның профилактикасы, оның ішінде білім беру ұйымдарының оқушылары арасындағы құқық бұзушылықтардың жолын кесу, кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау саласындағы әкімшілік және қылмыстық құқық бұзушылықтарды анықтау, қоғамдық орындарда және көшелерде бұзақылықтың алдын алу, сондай-ақ балаларға қатысты қылмыстық қол сұғушылықтардың алдын алу.
Жедел профилактикалық іс-шара кезінде түнгі уақытта көңіл көтеретін орындарда, компьютерлік клубтарда және көшелерде ата-анасыз жүрген кәмелетке толмағандарды анықтау үшін, сонымен қатар полиция органдарында есепте тұрған кәмелетке толмағандарды, қолайсыз отбасыларды тұрғылықты жері бойынша тексеру, тұрғын үй-тұрмыстық жағдайларын зерделеу, құқық бұзушылық фактілері анықталған жағдайда заңды шаралар қабылдауға бағытталған рейдтік іс-шаралар ұйымдастырылатын болады.
Шара барысында 479 әкімшілік құқық бұзушылық анықталды, 27 кәмелетке толмаған мен 27 ата-ана полиция бөлімдерінің есебіне алынды. Облыстың білім беру мекемелерінде құқық бұзушылықтар мен қылмыстардың алдын-алуға бағытталған 223 жасырын сауалнама жүргізіліп, құқықтық тақырыптарда 383 дәрістер өткізілді.