Өңірімізде инновациялық технологияның игілігін көріп отырған шаруашылықтар баршылық. Солардың бірі «Украинка» шаруа қожалығыроботтандырылған технология тетігін пайдалануды тиімді жүзеге асырып келеді, деп хабарлайды Bizdiң Өskemen.
Шығыс Қазақстан облысы еліміздегі аграрлық өңірлердің бірі деуге болады. Облыс аумағында сапа мен тиімділікке қойылатын жаңа стандарттарды қалыптастырып, өңірдің экономикалық дамуына негіз болып келе жатқан шаруа қожалықтары жұмысын жүргізіп келеді. Солардың бірі – «Украинка» шаруа қожалығының жұмысымен аймақ басшысы Нұрымбет Сақтағанов танысып қайтты.
Ұлан ауданындағы «Украинка» шаруа қожалығы роботтандырылған және сүт бағытындағы тауарлы фермаларды дәстүрлі ауыл шаруашылығының жоғары технологиялы саласына айналдырып келеді.
– Шаруашылық басшылығы тұрақты даму, еңбек жағдайларын жақсарту және ауыл шаруашылығына заманауи технологияларды енгізу мәселелеріне үлкен мән беріп келеді. Ұжымның кәсібилігі мен сауатты басқару жүйесі шаруашылықтың Шығыс Қазақстан облысының агроөнеркәсіп кешеніндегі орнын нығайтуға ықпал етіп отыр, – деді басшысы Нұрымбет Сақтағанов кәсіпорынның жұмысымен танысу барысында.
Қазіргі уақытта «Украинка» ШҚ орнықты даму үдерісін көрсетіп, аймақтағы сүт өндірісінің көшбасшыларының біріне айналып отыр. Қожалықтағы ірі қара мал басы – 889, оның ішінде 346-сы – сауылатын сиырлар. Бір сауын сиырдан алынатын орташа сүт – 4800 кг, ал есептік кезеңдегі жалпы сүт көлемі – 1666 тоннадан асты. Өндірілетін өнім барлық белгіленген стандарттарға сай, ал сүттің қауіпсіздігі мен құнарлылығы – ауыл шаруашылығы өндірушілерінің басты бағдары.
Бұдан бөлек, жылына 26,5 тонна ет өндіріліп, ішкі нарықты қамтамасыз етуге қосымша үлес қосуда. Шаруа қожалығы 650,9 гектар ауыл шаруашылығы жерін иеленеді, оның 572,3 гектары – жайылымдық жер. Ондағы көпжылдық шөптердің түсімі – 118 тонна, бұл ферманы сапалы жем-шөппен тұрақты қамтамасыз етуге мүмкіндік беріп келеді.
Технолгияны тиімді пайдаланып отырған шаруашылықтың техникасы да толық. Кәсіпорында 21 трактор мен 9 жүк көлігі бар.
Сондай-ақ шаруашылықтың Бобровка ауылындағы «Бобровка+» ЖШС атты филиалы бар. Бұл да шаруашылықтың өндірістік қуатын күшейтіп келе жатқан кәсіпорынға айналып отыр.
Кәсіп орын өз жұмысын жүргізіпі ғана қоймай, ауылдың жүйелі дамуына да үлкен үлесін қосып келе жатқандығын облыс әкіміне таныстырды. Ауылға көрсе көз тоярдай жаңа үйлер мен мәдениет үйін салып берген. Осылай ауылдың көребюіне де көп үлесін қосып отыр.
Сонымен қатар аймақ басшысы Ұлан ауданына жасаған сапары барысында Украинка ауылында орналасқан. "Жер-Су" жылыжай кешеніне де барды.
Бұл – өңірдегі ең ерекше аграрлық жобалардың бірі. «Жер-су» – жер астындағы жылыжай кешені. Мұнда төрт жылыжай орналасқан және оларда жыл бойы тек көкөністер ғана емес, экзотикалық өсімдіктер де өсіріледі. Бүгінде жылыжайда лимон ағаштары бар. Оларға қоса пальма, банан, мирт, юкка, бугенвиллия және сирек кездесетін австралиялық каллистемон өсіп тұр.
Бұл – инженер-зейнеткерлер Николай мен Людмила Землянаялардың авторлық жобасы. Олар бұл бастаманы 15 жылдан астам бұрын қарапайым қызанақ пен қияр өсіруден бастаған. Бүгінде «Жер су» тек ШҚО-да ғана емес, еліміздің өзге өңірлерінде де танымал. Өткен жылы Людмила Земляная Астанада республикалық деңгейде тәжірибесімен бөлісіп, оның жобасы Жасыл энергетика жөніндегі халықаралық қауымдастықтың қызығушылығын тудырды.
Кәсіпкер аймақ басшысына Украинка ауылындағы өзекті мәселелерді де жеткізді. Ол тұрақты интернеттің болмауы мен қоғамдық көліктің қатынасы нашарлығын айтты. Бұл мәселелерді шешуді облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов тиісті басқармалар мен Ұлан ауданы әкімдігіне тапсырды.