Самар жағалауы электрмен жабдықталады – ШҚО

ЖАҢАЛЫҚТАР 10-04-2025, 12:40 0

         Самар ауданында жағажай туризмі жандана түспек. Өйткені өңірдегі туризмнің бір төріне айналып келе жатқан Самара жағалауын электрмен жабдықтау мәселесі шешілетін болды. Бұл туралы Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов мәлімдеді, деп хабарлайды Bizdiң Өskemen.

Жағалау электрмен жабдықталса туристік орындардың да жұмысы жанданып, демалушыларға қолайлы жағдай жасалады.

– Инженерлік-коммуналдық инфрақұрылымды жаңарту аясында Самар ауданындағы бұрыннан келе жатқан жанжалды шешуге мүмкіндік туды. Бюджеттен электрмен жабдықтау желілерін сатып алуға 267 миллион теңге бөлінді, олар мемлекет меншігіне өтеді, – деді өңір басшысы.

Айта кетейік, өткен жылы Самарға қаңтар-қыркүйек аралығында 15 мыңға жуық демалушы келген. Өңір билігі ауданның негізгі әлеуетін ескере келе, бұл көрсеткішті әлі де жақсарта  түсуді көздеп отыр. Аймақ басшысы бұған дейін де Самар ауданында туризмді дамыту керектігін айтқан болатын.

– Самар бүгінде даму жолына түскен, өңір экономикасының өрлеуіне үлес қосып келе жатқан аудан. Мұнда әсіресе мал шаруашылығы мен агроөнеркәсіп кешенінің жұмысы ілгері. Дегенмен тағы бірқатар саланының жұмысын пысықтау керек. Мәселен, Бұқтырма бойында орналасқан, әсем жағажайы бар жерде неліктен туризм саласы қарыштап дамымайды. Аудан басшылығы жауапты басқармалармен бірлесе отырып, осы бағытта жұмыс істеуі тиіс, – деген болатын Нұрымбет Сақтағанов.

Ал аудан әкімі Серік Жеңісов: «Бұл жерді Қазақстандағы Анталияға айналдыруға болады», – деген еді. 


Adil

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив