Тарбағатайдағы ауруханаға аса маңызды жабдық жеткізілді

ЖАҢАЛЫҚТАР 24-02-2025, 17:11 0

Тарбағатай ауданының ауруханасында заманауи компьютерлік томография аппараты іске қосылды. Бұған дейін шалғай аудан тұрғындары диагностикадан өту үшін облыс орталығына келуге мәжбүр болатын.

Бұл аппарат «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасы аясында ауыл халқына сапалы медициналық қызмет көрсету үшін алынды. Жапонияның Canon Medical Systems Corporation компаниясы шығарған құрылғы секундына 160 кескін жасап, адамның бүкіл ағзасын зерттеуге мүмкіндік береді. Әсіресе, инсульт, бас-ми жарақаттары сияқты шұғыл жағдайларда жылдам әрі дәл диагноз қоюға көмектеседі. Бұл өз кезегінде дер кезінде емдеуді бастап, науқастың өмірін сақтап қалуға, мүгедектікке жол бермеуге ықпал етеді.

Аудан тұрғындары медициналық қызмет сапасын арттыру бойынша бірнеше рет өтініш білдірген болатын. Енді бұл мәселе оң шешімін тауып, жаңа аппарат іске қосылды.

«Шалғай ауылдардағы медицина саласындағы осындай жетістіктер – өте қуанышты жаңалық. Біздің басты мақсатымыз – халыққа сапалы әрі қолжетімді медициналық қызмет көрсету. Қазіргі таңда алғашқы 8 науқасқа компьютерлік томография арқылы диагностика жасалды. Алдағы уақытта аудандық ауруханада инсульт орталығын және интервенциялық хирургия бөлімін ашу жоспарланып отыр», – дейді Тарбағатай аудандық ауруханасының бас дәрігері Елжан Манарбеков.

Аппараттың құны 450 млн теңгеден асады. Оны орнату үшін ауруханада арнайы кабинет толық жабдықталды.

«Біздің партия шалғай елді мекендердегі азаматтардың сапалы медициналық қызметке қол жеткізуін басты назарда ұстайды. Осыған орай, Тарбағатай тұрғындарының өтініші орындалып, компьютерлік томография аппараты іске қосылды», – деді ШҚО мәслихатының депутаты Болат Нұрпейісов.


 

Adil

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив