Бұқтырма көпірі ашылғалы төрт ай өтті: Шығыста не өзгерді?


ЖАҢАЛЫҚТАР 17-02-2025, 10:30 0

Еліміздегі ең ұзын көпір – Бұқтырма көпірін төрт айдан бері халық игіліктеніп келеді. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша жүзеге асқан бұл жоба өңірдегі көлік байланысының мәселесін біржақты етті. 

«Жұрт жылдар бойы жазда – пароммен, қыста – мұздың үстімен жүретін. Бұл өте ыңғайсыз әрі қауіпті болғаны түсінікті. Енді мәселе біржола шешімін тапты»,- деді Президент Қасым-Жомарт Тоқаев.

Бүгінде аталмыш көпір Күршім, Үлкен Нарын, Марқакөл, Катонқарағай, Тарбағатай және Зайсан аудандарын облыс орталығымен байланыстырып, қауіпсіз жол қозғалысына кепіл болып тұр.

Алғашқы төрт айда көпір арқылы 170 мыңға жуық көлік өткен. Яғни орташа есеппен күн сайын 1,5 мыңға жуық көлік көпірмен қатынайды. Бұған дейін аймақ жұртшылығы 500 шақырымға жуықтайтын айналма жолмен жүруге мәжбүр еді.

       Көпірді Шығыс Қазақстандағы жергілікті компания салды. Соның есебінен өңірде жаңа жұмыс орындары ашылып, өз мамандарымызды іске жұмылдыруға, өз ресурстарымызды пайдаға жаратуға мүмкіндік туды.

Көпірдің жалпы ұзындығы – 1316, ені – 12,2 метр. Өткелдің бір жағында жаяу жүргіншілер жолағы бар. Қыстыңгүні конструкцияны қорғау үшін көпір тіректеріне мұз кескіштер орнатылған.

Су бетінен көпірге дейінгі қашықтық – 18 метр. Мамандардың айтуынша, навигация кезінде кемелер көпір астымен еш кедергісіз өтеді. 

Көпірде 102 бейнебақылау камерасы бар.  62 камера көпірдің жоғарғы бөлігіне, 40 камера көпірдің астына орнатылған.

          Өңір тұрғындары бұл көпір көп мәселенің түйінін шешкенін айтады.

– Қыста мұздың қатуын күтетінбіз. Енді мұны ойламауға да болады. Көлікке отырасың да, арғы жағадан шыға келесің. Қалаға бару әлдеқайда жеңіл, жылдам және қауіпсіз болды, – дейді тұрғын Айбар Еріков.

 Ал шағын кәсіп иесі Айнаш Оразбаева өңірдегі сауда жандана түскенін айтты.

 – Бұрын тауарларды жеткізу деген нағыз квест болатын: жазда – паром, қыста – мұз үстімен, ал маусымнан тыс уақытта ештеңе әкелінбейді. Енді тауарлар үзіліссіз жеткізіліп, дүкендердегі ассортимент өсті, бағалар тұрақталды. Ең бастысы, адамдардың өмір сүруіне ыңғайлы жағдай жасалды, – дейді кәсіпкер.

Жол мұратын жете түсінетін жүргізуші Мұрат Рамазанов уақыттың зая кетпейтініне риза.

 – Бұрын Бұқтырмадан өту үшін 500 шақырым жолды айналып өтетін едік.  Өйткені менікіндей ауыр көлікпен мұз үстімен жүру өте қауіпті еді. Енді қорқыныш жоқ, көпірмен өтеміз. Жанармай да, уақыт та үнемделеді, жүйкеміз де тыныш – дейді ол.

 

Бұқтырма көпірі Шығыс Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беріп қана қоймай, аймақтың туристік әлеуетін арттырады деп топшылайды мамандар.


 

Adil

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив