Қосылған құн салығы, 16 пайыз. Жаңа ұсыныс жарияланды


ЖАҢАЛЫҚТАР 11-02-2025, 11:03 0

Үкімет қосылған құн салығының мөлшерлемесін өзгерту туралы мәлімдеме жасады.

Бизнестің, қауымдастықтардың, қоғамдық және салалық бірлестіктердің 150-ден астам өкілі қатысқан жиында Үкімет ұсынысын ұлттық экономика вице-министрі Азамат Әмрин айтты.

«Біз мынадай тетікті қарастыруды ұсынамыз: жалпы белгіленген ҚҚС мөлшерлемесі 16 пайыз, ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілерді ҚҚС-тан толық босату, ал бірқатар салалар үшін – 10 пайыз мөлшеріндегі аралық мөлшерлеме. Осылайша, Үкімет ұсынып отырған мөлшерлемелерді саралау: 16 пайыз, 10 пайыз, 0 пайыз және босату», - деді вице министр.

Қазір аграрлық секторда шаруа қожалықтары ҚҚС төлемейді, заңды тұлғалар қолда бар жеңілдіктерге байланысты бюджетке төлеуге тиісті салықтардың тек 30 пайызын төлейді. Ал Үкімет ұсынған жаңа тетік бойынша бұлардың ешқайсысы ҚҚС төлемейді. 10 пайыз мөлшерлеме қолданылатын салалардың түрі әлі де талқыланып жатыр.

Сондай-ақ жиында жеңілдетілген декларация мен бөлшек салық режимін, оның мәні – кіріс шегін жылына 600 мың АЕК (2 млрд 359 млн теңге) мөлшерінде сақтай отырып, қайта қарау бойынша ұсыныстар айтылды. Негізгі өзгеріс – бұл режимді тек B2C сегментінде (бөлшек саудада) жүзеге асыру. Жұмысшылар саны бойынша шектеуді алып тастау ұсынылды. Кәсіпкердің сатудан түскен табысы жылына 100 млн теңгеден асатын болса, салық салынатын табысты еңбекақы қоры (еңбекақы төлеу қоры) сомасына азайту мүмкіндігі көзделген. Осылайша, 100 млн теңге шегі жалақыны ақтауға ынталандыруға мүмкіндік береді. Бұл ретте бөлшек салықтың 4 пайыз мөлшерлемесі (мәслихаттардың 50 пайызға төмендету мүмкіндігімен) сақталады.

Айта кетейік, салық реформасы іске асса, бюджетке түсетін салық мөлшері жыл сайын 4-5 трлн теңгеге артады. 


Adil

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив