шартты сурет
Шығыс Қазақстан облысында тамызға дейін екі жайлы мектептің құрылысы аяқталады, деп хабарлайды Bizdiң Өskemen.
Президент тапсырмасы аясында қолға алынған «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы – еліміздің білім беру инфрақұрылымын жаңғыртуға бағытталған маңызды қадам. Аталмыш білім мекемелерінде оқушылардың қауіпсіз, ыңғайлы және заманауи білім алуына барлық жағдай жасалады. Шығыс Қазақстан облысында осы жоба аясында жеті жаңа мектеп (үш мың орын) салу жоспарланған. Тамыз айына дейін соның екеуі бой көтереді.
– Бұл бастаманың мақсаты – білім сапасын арттырумен қатар оқушылар мен мұғалімдер үшін жайлы орта қалыптастыру. Өткен жылдың соңына қарай жоспар бойынша Шемонаиха, Риддер, Өскемен қалаларында (Уәлиев және Тимофеев көшелерінде), сондай-ақ Глубокое ауданының Белоусовка кентінде орналасқан 2100 орындық бес мектептің құрылысы толығымен аяқталды. Салынған мектептерді жергілікті атқарушы органның балансына қабылдау үшін арнайы қабылдау комиссиясы құрылып, тиісті тексерулер жүргізілуде. Ал 900 орынға есептелген екі мектеп, яғни Өскемендегі Есенберлин даңғылы бойында және Глубокое ауданындағы Опытное поле ауылында орналасқан мектептер былтырдан бастап өтпелі жобалар қатарына енген. Олардың құрылысын осы жылдың тамызында аяқтау жоспарланған. Қазіргі уақытта Есенберлин даңғылындағы мектеп құрылысының 52 пайызы, Опытное поле ауылындағы мектеп құрылысының 69 пайызы орындалған, – деді облыс әкімінің орынбасары Ербол Нұрғалиев.
Былтырғы бес мектетің үшеуі оқушы орындарының тапшылығы мәселесін шешу мақсатында салынды (Өскемендегі №31, №40 мектептер және №2 Белоусовка мектебі), екі мектеп ескі ғимараттардың орнына салынды (Риддердегі №12 мектеп, Шемонаиха ауданының Шәкәрім атындағы №4 мектебі). Әр мектепте арнайы жабдықталған оқу кабинеттері, өнер және жаратылыстану ғылымдары бағытындағы аудиториялар, заманауи спорт залдары мен ашық алаңдар бар.
Жайлы мектептер типтік мектепке қарағанда ауданы үлкен және заманауи технологиялық жабдықтармен екі есе жақсы қамтамасыз етілген. Барлық сыныптарда заманауи интерактивті тақталар орнатылған. Мектептерде озық STEM-зертханалар, робототехника сыныптары, заманауи үлкен LED-экраны бар акт залы, коворкингтер, 600 орындық мектептер үшін бастауыш және орта сыныптарға арналған жеке спорт залдары бар.
Мектептер аумағында футбол алаңы, жүгіру жолы, әмбебап спорт алаңы, ойындар мен workout жаттығуларына арналған аймақтар, сондай-ақ Алғашқы әскери дайындық пәніне арналған плац алаңдары бар. Олар саптық дайындық сабақтарын өткізуге, әскери тәртіп пен саптық қозғалыс дағдыларын қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Ерекше балалар үшін пандустар, лифттер, арнайы көрсеткіштер, жеке кең дәретханалар және инклюзивті сыныптар жабдықталған. Мектеп заманауи бейнебақылау және озық өртке қарсы жүйемен қамтылған.
Жергілікті атқарушы органдар әр оқу мекемесіне қауіпсіз кіреберіс жолдар, автотұрақтар, жарықтандырылған жаяу жүргіншілер жолын салды.