Әуежай, жылу жүйесі, газ, иппотерапия, кен орындары. Тарбағатайдың әкімі алдағы жоспарларын айтты


ЖАҢАЛЫҚТАР Бүгін, 15:00 0

Ақжар ауылында орталық жылу қазандығы салынып, жылу жүйелерін жаңартылады.  Бұл туралы Тарбағатай ауданының әкімі Дархан Жөргекбаев ШҚО Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында мәлімдеді.

-Қазіргі уақытта жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп жатыр, ал екі негізгі жоба мемлекеттік сараптама кезеңінен өтуде. Жаңа жылу жүйелерінің ұзындығы 8000 метрді құрап, жүйенің қуаты 11,5 Гкал/сағ (13500 кВА) болады деп жоспарлануда. Қазандық іске қосылғаннан кейін 27 әлеуметтік нысан мен 15 көпқабатты тұрғын үй орталықтандырылған жылумен қамтамасыз етіледі. Жобаның жалпы құны қазандық құрылысы үшін 587 млн теңге және жылу желілері үшін 1,2 млрд теңге болады, - деді Тарбағатай ауданының әкімі Дархан Жөргекбаев. 

Сонымен қатар Ақжар ауылында заманауи иппотерапия орталығы ашылады. Бұл орталық атпен емдеу әдісі арқылы әлеуметтік және медициналық инфрақұрылымды жаңа деңгейге көтереді.

Сондай-ақ, Тарбағатай ауданында заманауи әуежай салу жоспарланған. Бұл жоба Зайсан және Тарбағатай ауадандарын біріктіріп қана қоймай, Зайсан көліндегі су көлігі порты мен Майқапшағай-Тұғыл теміржол желісіне қолжетімділікті қамтамасыз етеді. 

Аудан дамуының тағы бір маңызды бағыты –пайдалы қазбалар кен орындарын барлау жұмыстары. Аудан аумағындағы ең ірі кен орны – «Қызылқайың». 2018 жылдан бастап 2026 жылға дейін мұнда белсенді барлау жұмыстары жүргізіледі. Егер қорлар расталса, 2027-2028 жылдары инфрақұрылым құрылысы басталып, кен комбинатының жобасы іске асырылады. Кәсіпорын толық қуатта жұмыс істеген кезде 1500-ге жуық адам жұмыспен қамтылады. 

Сонымен қатар бентонит кен орнында 70 адам еңбек етуде. 2023 жылы жаңа инвестор келгеннен кейін, кен орнын кеңейту және жұмыс орындарын көбейту бойынша ауқымды жоспарлар жасалды. Бұдан бөлек, табиғи газ қорын зерттеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл ресурс аудан экономикасының маңызды бөлігіне айналуы мүмкін. 

Мал шаруашылығын дамыту аясында ауданға ет өңдеу комбинатын салуға инвесторлар тарту жұмыстары белсенді жүргізіліп жатыр. Бұл жаңа жұмыс орындарын ашуға және инфрақұрылымды жақсартуға мүмкіндік береді. 

Аудан үшін ерекше маңызға ие жоба Ресей-Қытай мультимодальды транзиттік дәлізін дамыту. Бұл жоба әуе, су және теміржол қатынасын біріктіреді. Омбы-Майқапшағай автомобиль жолының толық жұмыс істеуі, жаңа балық және ет өңдеу зауыттары, сондай-ақ жаңа кен орындарының игерілуі мультипликативті әсер тудырып, жергілікті тұрғындарға жаңа мүмкіндіктер ашады. 

Inkar

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив