Тәуелсіздік күніне орай Тарбағатай ауданында «Бір қабатты Шығыс» бағдарламасы аясында салынған 62 пәтердің иелері өз қоныстарына қол жеткізді.
– Жүйелі түрде жүзеге асырылып отырған мемлекеттік саясаттың нәтижесінде біз аудан бойынша аз қамтылған және көпбалалы отбасыларын толық баспанамен қамтамасыз етіп отырмыз. Алдағы уақытта тұрғын үй кезегінде тұрған басқа санаттағы жерлестерімізге үй салу жұмысын қолға алатын боламыз, - деді Тарбағатай ауданының әкімі Дархан Жөргекбаев.
Биыл құрылыс көлемі 2 есеге артып, 62 баспана салынды. Соңғы үш жылда 103 отбасы жаңа баспанаға қол жеткізді.
Сонымен қатар аудан орталығы Ақжар ауылында жаңадан екі ықшам аудан пайда болды. Жаңаауыл, Қарасу, Байтоғас, Маңырақ ауылдарында қос пәтерлі тұрғын үйлер салынды.