ШҚО-да төрт қаржылық пирамиданың әрекеті тоқтатылды


ЖАҢАЛЫҚТАР 13-12-2024, 10:53 0

ШҚО-да ағымдағы жылы Экономикалық тергеп-тексеру департаменті қаржылық пирамидаларға байланысты төрт алаяқтық оқиғасы анықталып, әрекеті тоқтатылды, деп хабарлайды Bizdiң Өskemen тілшісі.

Қазір екі іс аяқталып, алданған адамдардың саны 250-ден асқан, ал жалпы шығын 400 миллион теңгені құрайды. 

«Chia Tai-Tianqing Pharmaceutical» және «Eolus» сияқты әшкере болған компаниялардың мысалы алаяқтардың инвестициялардың танымал тақырыптарын – фармацевтика мен жаңартылатын энергетиканы пайдаланып жатқанын көрсетеді. 

Экономикалық тергеп-тексеру департаменті қаржылық пирамидалардың негізгі белгілерін атап көрсетеді:

* Қауіпсіз табысқа уәде беру;

* Жаңа қатысушыларды тарту арқылы төлемдер алу;

* Интернетте белсенді жарнама жүргізу;

* Компанияның Қазақстанда тіркелмеуі немесе жақында тіркелуі;

* Ақшаны немесе бейресми төлем жүйелері арқылы қабылдау.

Айта кету керек, компанияны тексеру үшін «Baiqa, piramida!» телеграм-боты жасалған, онда компанияның БИН-ін немесе вебсайтының сілтемесін енгізіп, тәуекелдер туралы ақпарат алуға болады.

Сондай-ақ, «Аманат» партиясы «Қарызсыз қоғам» бағдарламасын жүзеге асырып, азаматтарды қаржылық қауіпсіздік негіздеріне үйретуді мақсат етеді. Бағдарламаның жетекшісі Ермек Жұмагұловтың айтуынша, бағдарлама жұмыс істеген уақыт ішінде 7 мыңнан астам адам оқудан өтті.

Бұдан бөлек, ШҚО-да экономикалық қылмыстардың алдын алуға ерекше назар аударылады. «Экономикалық құқық бұзушылықтардың алдын алу» жобасы білім беру шараларын, конкурстар мен халықпен кездесулерді қамтиды.

- Біз елдің экономикалық қауіпсіздігін нығайту, қаржылық қылмыстардың алдын алу және халықтың қаржылық сауаттылығын арттыру бойынша жұмысымызды жалғастырамыз. Біздің мақсатымыз – азаматтарда қаржылық алаяқтыққа қарсы иммунитетті қалыптастыру, – деп атап өтті ҚР Қаржылық мониторинг агенттігінің ШҚО бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің  басшысы Айдын Молдабеков.

Егер күмәнді қаржылық ұсыныстарға тап болсаңыз Новаторов көшесі, 7/2 мекенжайы бойынша немесе 8 (7232) 24-06-05 сенім телефонына хабар беріңіз.


Inkar

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив