Ұлттық Банк қазақстандықтарға ескерту жасады


ЖАҢАЛЫҚТАР 12-12-2024, 11:00 0

Қазақстан Ұлттық Банкінің фирмалық бланкін пайдаланып, азаматтарға жалған құжат жолдаушы алаяқтардың көбейген. Бұл туралы Қазақстан Ұлттық Банкі хабарлады. 

– Қаскөйлер Ұлттық Банк атынан жіберген жалған хаттарында олардың алаяқтардың құрбаны болғанынхабарлайды. Сөйтіп, алаяқтардан ақшаны қауіпсіз түрде қайтару үшін және «клиринг процедурасынан өтуге байланысты қаржы міндеттемелерін» өтеу үшін ақша аудару керек екенін айтады, - делінген хабарламада. 

Ұлттық Банк жеке тұлғалардың шотына қызмет көрсетпейтінін, қаржы құралдарын сақтандырмайтынын және халықпен ақшалай есеп айырыспайтынын ескертеді.

– Интернет-алаяқтары мұндай хабарламаларды WhatsApp мобильді қосымшасы, электрондық пошта және әлеуметтік желілер арқылы таратады. Осыған байланысты Ұлттық Банк азаматтарды сақ болуға, күмәнді шоттарға ақша аудармауға, жалған хабарламалар мен тексерілмеген құжаттарға сенбеуге шақырады.
Мұндай схемаларды алаяқтар құқық қорғау органдары немесе Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі қызметкерлерінің атын жамылып жүзеге асыруы мүмкін. Олар мұны «аударымдарды алаяқтардан сақтандыру процедурасы», қаржы ұйымдарындағы «алаяқтарды ұстау», «арнайы органдардың тексеруі» немесе Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдарының бірлескен «арнайы операцияларына» қатысу сияқты түрлі жалған процесс ретінде түсіндіріп, алдап соғуы ықтимал, - делінген Ұлттық Банк хабарламасында.

Егер өзіңіз немесе танысыңыз осындай алаяқтық схемаға тап болса, арыз жазып, Қазақстан Республикасының құқық қорғау органдарына жүгіну жолдарын ұсынамыз. Кеңес алу үшін ҚҰБ-тың байланыс орталығына 1477 нөмірі арқылы хабарласуға болады.

Inkar

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив