Самар ауданының тұрғындары «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында мал шаруашылығын дамытып, бизнес-идеяларын сәтті жүзеге асыруда. Мәселен өткен жылы 11 жобаға қолдау көрсетілді, деп хабарлайды Bizdiң Өskemen тілшісі.
Атап айтқанда, мал шаруашылығы бойынша жеті, шағын өнеркәсіп бойынша үш, туризм саласында бір жоба қолға алынды. Аталмыш бағдарлама бойынша бұл жобаларға тоқсан миллионға жуық қаражат жұмсалды.
Жалпы Самар ауданында агроөнеркәсіп кешені саласы алға басып келеді. Қазір мұнда ет бағытында бес шаруа қожалығы бар. Бұл шаруашылықтардағы ірі қара малдың саны мыңнан асады. Сондай-ақ аудан бойынша 1446 ауыл шаруашылығы техникасы есепте тұр. Машина-трактор паркiн жаңарту жұмыстары да жүйелі түрде жүргізіліп жатқанын айта кеткен жөн.
2024 жылға арналған жоспарлы егістік алқаптарының құрылымына сәйкес, ауданның жалпы егістік жер көлемі 66 166 га құрады. Самар ауылындағы Ешкібай су қоймасының су бөгетімен суарылатын жерлер бар да, оның аумағы – 751 гектар.
Жалпы биыл ауданда суармалы жерлердің ауданы 500 гектар болған көрінеді, алдағы уақытта бұл аумақты 130 гектарға ұлғайту жоспарда бар.