Самар ауданында ауыл шаруашылығы саласын субсидиялауға 331,189 млн теңгені құрайтын 262 өтініш толығымен қанағаттандырылды. Бұл Самар ауданы әкімінің міндетін атқарушы Жасұлан Майкенев мәлімдеді.
– Агроөнеркәсіптік кешен субъектісі шығындардың бір бөлігін өтеу үшін субсидияларды инвестициялау кезінде 164,619 млн теңгеге 39 өтінім берілді, - деді Жасұлан Майкенев.
Облыста асыл тұқымды етті бағыттағы екі, ірі қара малын селекциялық асылдандырумен айналысатын бес шаруа қожалығы тіркелген. Шаруа қожалықтарында барлығы 1147 бас ірі қара бар.
Аудан бойынша ауыл шаруашылығы дақылдарының жалпы егістік көлемі – 66166 гектарды құрады, оның ішінде дәнді дақылдар – 38520, майлы дақылдар – 25500, көкөніс пен бақша дақылдары – 98, мал азығы – 2060, жүгері – 300 гектарды құрайды.
Биыл аудан тұрғындары 637,530 млн теңгеге 31 бірлік ауыл шаруашылығы техникасын сатып алып, машина-трактор паркінің жаңаруына септігін тигізіп жатыр.
Ауданда суармалы жерлерді игеру жұмыстары да жүргізіліп жатыр. Самар ауылында Ешкібай су қоймасының бөгетімен бақыланатын суармалы жер көлемі 751 гектар болса, оның 500 гектары 2024 жылы суарылатын болады. Алдағы уақытта суармалы жерді 130 гектарға кеңейту жоспарлануда.