Күршім ауданында жаңа туристік кешен салу жоспарланған. Нысан жақында ғана ашылған Бұқтырма су қоймасы арқылы өтетін көпір маңынан бой көтермек, деп хабарлайды Bizdiң Өskemen тілшісі.
Көпір айналасындааумақты жақсарту мақсатында ауқымды жұмыстар атқарылуда. Мұнда жолаушыларға, жергілікті тұрғындарға және аудан қонақтарына арналған заманауи демалыс аймақтары салынады. Ыңғайлы демалыс үшін арнайы демалу орындары, жаяу жүргіншілер жолдары, биодәретханалар, қоқыс жәшіктері және жаңа жарықтандыру жүйесі орнатылады.
Күршім ауданы әкімінің орынбасары Мейіржан Әлібековтың айтуынша, қазіргі күні Бұқтырма су қоймасының жағасында туристік аймақ салу жобасы дайындалып жатқан көрінеді.
Конкурстық рәсімдер жобалау кезеңі аяқталғаннан кейін, яғни 2025 жылы басталады.
Естеріңізге сала кетейік, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша тұрғындардың жайлылығы мен қауіпсіздігін арттыру мақсатында жаңа көпір салынған болатын. Ұзындығы 1316 метр екі жолақты көпір тәулігіне 80 мыңға дейін көлік өткізе алады, өткелге 18 шақырым жаңа жол тартылған.