Өңірдегі медициналық мекемелердің бірінде өрт-тактикалық оқу жаттығу өткізілді. Тілсіз жаудың алдын алуға бағытталған шараны ШҚО ТЖД ұйымдастырған, деп хабарлайды Bizdiң Өskemen тілшісі.
Алдын ала жоспар бойынша жаттығу барысында стационардың үшінші қабатында оттегінің шығуы нәтижесінде газ-ауа қоспасы жарылып, салдарынан жиһаз бен төсек-орын отқа оранған. Ақ халаттылар дереу арада оқиға туралы құтқару қызметіне хабарлап, науқастарды эвакуациялауды бастады.
- Оқиға орнына шұғыл түрде ШҚО ТЖД мамандары жетеді. Алдымен кезекші электрик электр энергиясын өшіруі керек. Кейін өрт сөндірушілер арнайы құрылғылармен отқа орнған ғимаратты барлауға кірісіп, ғимаратта қалғандарды сыртқа шығарады. Үшінші қабаттағы түтін басқан аймақта қалған науқастар мен қызметкерлер орналастырылған автосаты арқылы эвакуацияланды. Құтқарушылардың бірлескен әрекеті нәтижесінде қызыл жалын ауыздықталды, - дейді ШҚО ТЖД баспасөз қызметі.
Оқу-жаттығу барысында өрт туындаған кезде аурухана медицина қызметкерлерінің дайындық деңгейі тексеріліп, іс-әрекеттері пысықталды.