2025 жылы Харбинде өтетін IX Қысқы Азия ойындарына қатысатын Шығыс Қазақстан облысының 23 спортшысы ұлттық құрамада дайындалып жатыр. Бүгінде олар түрлі халықаралық және республикалық спорттық шараларға қатысуда. Бұл туралы ШҚО Дене шынықтыру және спорт басқармасы бұқаралық спорт, жоғары жетістіктер және спорт резерві бөлімінің басшысы Аида Жуханова мәлімдеді.
– Бұл ойындар 2026 жылы Милан мен Кортина-д’Ампеццода (Италия) өтетін XXV Қысқы Олимпиада ойындарына дайындықтың маңызды кезеңі екенін ескеру керек, - дейді Аида Жуханова.
2023 жылы ШҚО-да спортпен айналысатын халықтың үлесі 42%-ға өсті. Осы саладағы жұмыстарды жақсарту үшін облыста Дене шынықтыруды дамыту орталығы ашылды.
Аида Жуханованың айтуынша, 2023 жылы өңір спортшылары 4359 медаль жеңіп алды. Оның ішінде 1567 алтын, 1404 күміс, 1388 қола медаль бар. Облыс құрамынан 735 спортшыдан құралған ұлттық құрама команда халықаралық және республикалық жарыстарға белсенді қатысуда.
Облыста 1687 спорт нысаны бар, оның 1116-сы ауылдарда орналасқан. Қазіргі уақытта 5,5 миллиард теңге көлеміндегі 10 нысанның құрылысы жүргізілуде, оның ішінде 6 дене шынықтыру-сауықтыру кешені, шаңғы роллер трассасы, тау шаңғысы базасы және спорттық модуль бар.