Бүгін Өскемен қаласының әкімі Жақсылық Омар қала әкімі қызметінен кететіні туралы мәлімдеді.
– Қымбатты өскемендіктер! Алты жыл деген аз уақыт емес, көп те емес. Осы аралықта сіздермен бірге қаланың ыстығына күйіп, суығына тоңып, шама-шарқымыз келгенше қызмет атқардық. Ұзақ сөйлемей, қысқаша қайырып айтатын болсам, қала басшысы лауазымындағы қызметім тәмамдалуда. Әр нәрсенің өз уақыты бар. Өз басым осынау көрікті шаһар, Өскемен қаласының тұрғындарына, яғни сіздерге, ел басшылығына маған сенім білдіргендеріңіз үшін алғыс білдіремін, - деді Жақсылық Омар өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында.
Жақсылық Мұқашұлы Омар 1980 жылы 28 қыркүйекте Алматы облысы Алакөл ауданы Үшарал ауылында дүниеге келген. 2001 жылы Абай атындағы Алматы мемлекеттік университетін тәмамдаған.
2010 жылы Шығыс Қазақстан облысы ішкі саясат басқармасы бастығының орынбасары, бастығы болды.
2011 жылы Шығыс Қазақстан облысы мәдениет басқармасының бастығы болып тағайындалды.
2013 жылдан бастап Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары, 2016 жылдың қарашасынан бастап Алматы облысы әкімінің орынбасары қызметтерін атқарған.
2018 жылы Өскемен қаласының әкімі болып тағайындалды.