«Елімай» футбол клубы қысқа мерзім ішінде үлкен жетістіктерге қол жеткізгенін ерекше атап өтуге болады.
Қайта жаңғыртылған клуб тек екі жылдың ішінде Қазақстан Премьер лигасына оралып, елдегі футболсүйер қауымның сүйікті клубтарының біріне айналды.
Әрине, бұл жетістіктердің артында көп еңбек, күш-жігер және жанашыр азаматтардың қолдауы тұр.
Ең бірінші кезекте Абай облысы әкімінің тікелей қолдауы мен жанашырлығы да клубтың дамуына сүбелі үлес қосты. Әкімнің қолдауымен клубтың инфрақұрылымы жақсарып, жаңа деңгейге көтерілді.
Сондай-ақ, клубтың мықты деңгейге көтерілуіне негізгі үлес қосқан тұлғалар қатарында Aсқар Ұранхаевты ерекше атап өту қажет. Оның футболға деген шынайы қызығушылығы мен еңбекқорлығы «Елімайды» табысқа жеткізуде маңызды рөл атқарды.
Өзінің алғашқы жылында-ақ клуб Қазақстан Премьер лигасының бірнеше тур бойы 1-ші орынға шығып, жанкүйерлерін қуантты. «Елімайдың» үй матчтары әрдайым лық толы стадиондарда өтті, бұл өз кезегінде жергілікті жанкүйерлердің қолдауы мен клубқа деген қызығушылығын айқындайды. Егер барлық өңірлер осындай даму стратегиясын ұстанатын болса, елімізде футболдың дамуына зор серпін берері сөзсіз.
Клубтың Қазақстан Кубогы мен Лига Кубогының жартылай финалына жетуі де «Елімай» үшін зор жетістік. Бұл нәтижелер футболшылар мен бапкерлердің еселі еңбегі мен тынымсыз жаттығуларының жемісі екенін байқауға болады.
Сонымен қатар, Абай облысында футбол инфрақұрылымын дамыту мақсатында көптеген жұмыстар атқарылуда. Облыстың әр аймағында футбол орталықтары ашылып, «Алаң» бағдарламасы аясында стадиондар жаңартылуда. Бұл балалар мен жасөспірімдер арасында футболға деген қызығушылықты арттырып, болашақ чемпиондарды тәрбиелеуге негіз болмақ.
Биыл Семей қаласында 12 мың адамға арналған үлкен стадионның құрылысы басталып, жаңадан заманауи манеж салынды. Бұл нысандар аймақтағы спорттың дамуына жаңа серпін беріп, «Елімай» клубының алдағы уақытта да биік белестерді бағындыруына негіз болары анық.
«Елімай» футбол клубының қысқа мерзімдегі жетістіктері — бұл тек бастамасы. Алда әлі талай асулар күтіп тұр, және клубтың бұл жолдан қайтпайтынына сенім мол.
Бастысы бұл еселі еңбекті барша Елімайдың жанкүйерлері жоққа шығармайды. Керісінше бұны біледі, сезеді.
Мирас Малғаждаров