Боран ауылы тұсындағы Қара Ертіс өзені, 2023 жыл. Сурет: Bizdin Oskemen
Марқакөл ауданы Боран ауылының тұсында Қара Ертіс өзенінің деңгейі қауіпті шамадан асты. Әкімдік әзірге елді мекенді су басу қаупі байқалмайды деп хабарлады.
"Марқакөл ауданының Боран ауылында орналасқан гидробекеттегі көрсеткіш бойынша Қара Ертіс өзенінің деңгейі қауіпті деңгейден 18 см-ге асты. Қазір 543 сантиметр болды. Ауылдың төменгі тұсында былтыр ұзындығы 400 метр, ал биіктігі 675 см болатын бөгет салынған. Бөгеттің биіктігі қазірде қауіпті деңгейден 1,5 м жоғары болғандықтан, әлі де 70 см-ге жуық аралық бар. ", деп жазылған ШҚО әкімдігінің ресми ақпаратында.
Әкімдік Қара Ертіс өзенінің деңгейі әр 4 сағат сайын өлшеніп, тәулік бойы бақылау ұйымдастырылды дейді.
"Ауыл маңындағы ұзындығы 60 м болатын бөгетті күшейту жұмыстары жүргізілу үстінде. Елді-мекен тұрғындары ескертіліп, төтенше жағдай туындаған жағдайда тұрғындарды уақытша орналастыру орындары әзірленді. Әзірге бөгетті күшейту жұмыстарына 11 адам және 7 техника жұмылдырылды. Қазіргі кезде Боран ауылына жақын маңдағы Тарбағатай, Зайсан, Күршім және Үлкен Нарын аудандарынан қосымша техника мен мамандар жұмылдырылуда. Елді-мекенге төнер қауіп жоқ. Жағдай бақылауда", деп мәлімдеді аймақ билігі.
Су көтерілуіне Қытайда Буыршын өзенінің тасуы себеп болғаны айтылады. Кейбір мәліметтерге қарағанда, Қытайда бөгет бұзылған. Әзірге деректің анық-қанығын тексеру мүмкін емес.
Айта кету керек, Буыршын өзені трансшекаралық Қара Ертіс өзеніне, ал Қара Ертіс Зайсан көліне құяды.