Өскеменде “Ертіс өзеніне секіріп кетті” деп хабарланған 22 жастағы Жандос Баянов төрт күннен бері табылмады. Оның ағасы Айбол Баянов Bizdin Oskemen сайтының редакциясына хабарласып, іздеу жұмыстарына көңілі толмайтынын айтты. Шығыс Қазақстан облыстық төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз хатшысы “іздеуді қатты ағыс пен су айдынының ұзындығы қиындатып жатыр” дейді.
— Құтқарушылар бір ғана қайықпен іздеп жатыр. Арасында өзім де олармен бірге өзен бетіне шықтым. Мәшинемен де Ертіс өзенінің жағалауын күнде қарап жүрмін. Бірақ таба алмадық. Суға 15 мамырдан 16 мамырға ауған түні сағат 00.45 шамасында секірген. Құтқарушылар іздеуге бірден көшкен жоқ, — деді Айбол Баянов.
Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз хатшысы, іздеу полициядан шағым келген сәтте басталды дегенді айтады.
— Құтқарушылар жағалық сызықты күнде қайықпен тексеріп шығады. Қатты ағыс пен су айдынының ұзындығы іздестіруге қиындық келтіріп жатыр. Предгорное кентіне дейінгі аумақ тексерілді, енді әрбір учаскені егжей-тегжейлі тексеру басталды, — деп хабарлады департаменттің баспасөз хатшысы.
Айбол Баянов бауырының көпірден секіргенін кездейсоқ куәгерлерден естігенін айтады.
— Полициядан “сергек” камераларынан қарап беруді сұрадым. Бірақ жазбаны арнайы рұқсатсыз бере алмайтынын айтты. Мәшинелер айыппұл алғанда видеоны дереу көрсетеді ғой, көлік адам өмірінен қымбат па? — дейді бауырын іздеп жүрген адам.
Айбол Баяновтың айтуынша, полицияда бауырының ісі “өз-өзіне қол жұмсау” бабымен тіркелген. Бірақ ол мұнымен келіспейді.
— Бауырым 15 мамырда достарымен кездесуге барды. Достарының айтуынша, дәмханада оған біреу қоңырау шалып, сыртқа шығып кеткен екен. Содан кейін қайтып оралмаған. Бауырым сол күні түнде маған “құтқар, аға, мені өлтіреді” деп мессенджер арқылы хат жазды. Айтқан жеріне жүгіріп бардым, бірақ таба алмадым. Өтіп бара жатқан адамдар Ертіс көпірінен бір адам секіріп кетті деп айтты. Бауырымды біреу қорқытып, өлімге итермелеген болуы мүмкін. Оны жақсы білемін, өз-өзіне қол жұмсауы мүмкін емес. Бауырым жоғарғы оқу орында төртінші курс студенті. Оқуын жақсы оқиды. Мен спортшымын. Үй-ішімізде мәселе жоқ. Бұған дейін бауырымда депрессия болған емес. Суицид жасамақ болса, менен көмек сұрамас еді ғой, — дейді жоғалған адамның ағасы.
Bizdin Oskemen сайтының тілшісі Шығыс Қазақстан облыстық полиция департаментіне хабарласты. Мекеменің баспасөз хатшысы алдағы уақытта мән-жайды біліп, ақпарат беретінін айтты.