Биыл 14391 этникалық қазақ қандас мәртебесін алды


ЖАҢАЛЫҚТАР 22-10-2024, 14:30 0

1991 жылдан бері республикаға 1 млн 142,7 мың этникалық қазақ оралды. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі хабарлады. 

– 2024 жылда 14 391 этникалық қазақ тарихи отанымен табысып, қандас мәртебесін алды. Жыл басынан Қазақстанға келген қандастардың 45,8%-ы Қытайдан, 39% – Өзбекстаннан, 5,9%  – Моңғолиядан, 5,2% – Түрікменстаннан, 2,9% – Ресейден және 1,2% басқа елдерден, - делінген Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің хабарламасында. 

Осы жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша еңбекке қабілетті жастағы этникалық қоныс аударушылар саны 57,6%-ды, еңбекке қабілетті жастан кіші 33,1%-ды және зейнеткерлер 9,3%-ды құрайды.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, қоныс аударған этникалық қазақтар республиканың түрлі өңірлеріне қоныстанды. Сонымен бірге, қандастарды қоныстандыру үшін келесідей еңбек күші тапшы өңірлер анықталды: Ақмола, Абай, Қостанай, Павлодар, Шығыс және Солтүстік Қазақстан облыстары. 2024 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша қоныстандыру өңірлеріне 2 477 қандас қоныс аударды. Жыл басынан бері 2140 қандасқа түрлі қолдау шаралары көрсетілді. Атап айтқанда, 575 адам тұрақты жұмысқа орналастырылды.

Inkar

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив