Шығыс Қазақстан облысы Ұлан ауданындағы «Ақбауыр» археологиялық кешені аумағында ерте темір кезеңіне жататын қоныс анықталды. Қазір № 1 қоныста қазба жұмыстары жүргізіліп жатыр. Профессор Зайнолла Самашевтың жетекшілігімен басталған Ақбауырдағы №1 қонысты зерттеуге үлес қосып, археология саласына қызығушылық танытып жүрген жастар бар. Біз оларды әңгімеге тартып көрдік.
11 жаста болса да археолог болуды армандап Ақбауырдағы қазба жұмыстарына қатысып жүрген жастардың бірі – Рабиябегім.
– Менің әкем археолог. Археологияға деген қызығушылығым әкеммен бірге экспедицияға барған кезден басталды. Анамның айтуынша негізі ең алғашқы рет экспедицияға 10 айлығымда Тарбағатай тауының Елеке сазы деген жеріне барған екенмін. Негізі менің Ақбауыр туралы білгім келеді. Бұл өлке әкемнің туып-өскен жері, ата-бабамның мекені, менің тарихи отаным. Ал бұл өлкенің тарихын білу менің парызым, - дейді Рабиябегім.
Археологиялық қазба жұмыстарына Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің тарих мамандығының 2 курс студенттері – Дәулет Қадырбекұлы, Дулат Талғатұлы, Айгерім Исатай, Ақниет Әнуарбекова, Ырысжан Ыбырайқызы да қызығады. Олар 2023 жылдан бастап ден қойған. Жас тарихшылардың сөзінше археология тікелей тарихпен байланысты болғандықтан осы салада жұмыс істеу олар үшін үлкен тәжірбие.
Ал Ә.Х.Марғұлан атындағы археология институтының қызметкері Дияр Ботановты студент кезінде қазақстан тарихының боздақтары тақырыбы қызықтырыпты. Ол болашақта сол тақырыпты зерттегісі келген. Алайда 2022 жылы «Ақбауыр-1» және «Ақжалау-1» аймақтарындағы қазба жұмыстарына кездейсоқ барып қатысқаннан кейін өзін археологиядан басқа салада елестете алмайтын болған.
Жаңадан келген жас мамандарға археологияда ұзақ жылдар қызмет етіп жүрген ғылыми қызметкерлер жетекшілік етеді. Бұл мамандар жастарға жұмыстың барлық кезеңдерін үйретіп жас археологтарды дайындап шығады.
– Жас археологтарды қазба жұмыстарына үйрету бұл бұрыннан келе жатқан үрдіс. Біздің археолог ретіндегі мақсатымыз тек зерттеу емес сонымен қатар жергілікті аймақтан мықты маман даярлап шығару, жастардың тарихымызға деген қызығушылығын ашу. Қазір, өкінішке қарай, ШҚО-да жергілікті археологтар саусақпен санарлықтай. Жетекшіміз Зайнолла Самашевтің және біздің негізгі мақсатымыз жергелікті археологтарды дайындап шығару, - деді экспедицияның ғылыми қызметкері Шұғыла Меделбекқызы.